×

Базар дауы: «Қызылордалықтар құзырлы органдардан емес, Ләйләдан қорқады»

Қансейіт Мектепбаев кінәлі адамдардың жазаланбай отырғанын айтты

 Ербол Тұрымбет 03.08.2023 | 12:42

Осыдан бір жыл бұрын Қызылорда қаласында болған атыстың ақыры әлі бітпеді. Сол оқиғада үш адам қаза тапты. Ақпарат құралдары оны жанжалдасқан екі қылмыстық топтың әрекеті деп хабарлады. Алайда, сол қайғылы оқиғаның ортасында болған Қансейіт Мектепбаев атыстың ел аузында «Ескі базар» аталып кеткен – Қызылордадағы «Сыбаға» базары үшін талас екенін айтып берді.

Оның айтуынша, базарды көп жылдан бері Ләйлә Ризванова мен Асылбек Шаимов иемденіп келген. Сосын қайғылы оқиғаға дейін Ләйлә Ризванова Асылбек Шаимовқа «мен көп жыл директор болдым, сен шетте жүрдің» деп, базардың 60%-ын беруді сұраған көрінеді. Асылбек Шаимов келісімін берген. Алайда құжаттарды рәсімдеп, базарды бөліске салар кезде Ләйлә Ризванова акцияның 70%-ын сұраған. Асылбек Шаимов оған келіспей, базарды тең бөлуді сұраған. Қансейіт осы жайдан кейін ізіне адам түскенін айтады. Қансейіт Мектепбаев – Асылбек Шаимовтың көмекшісі.

Қансейіттің сөзінше, Ләйлә Ризванова бұл «істі» Зарина Ризвановаға тапсырған. Зарина Ризванова – базардағы «Қорқыт» сауда үйінің басшысы. Сосын Заринаға «Мирас» базарының иесі Қанат Смағұлов қосылып, екеуі тапсырыс орындаушыларды іздеп тапқан.

Олар Азамат және Арманмен келіседі. Мені ұрлауға 6 млн, өлтіруге 20 млн (теңге - авт.) ақшаға келіседі. Оларды жалдап, мені айтқанына көнбесе далаға апарып көміп тастауға, із-түзсіз жоғалтып жіберуге уағдаласады, - дейді Қансейіт Мектепбаев. 

2022 жылдың 5-6 мамырында Қансейіттің үйін белгісіз адамдар торуылдап, ұстап әкетпек болғанда гараж ішінде төбелес болған. Сосын 7 мамырда бір топ адам болып келіп, соңы атысқа ұласқан. Атыстың видеоы әлеуметтік желіде тарап кетті. Сол жерде Қансейіттің бір інісі мен шабуыл жасағандардың екеуі қаза тапқан.

«Талғат інім үйдегі аңшы мылтығымды (заңдастырылған) алып шығып, ескерту үшін төбеге оқ атты. Оған да жүрек тұсынан оқ тиіп, қабырғасына қадалып қалған. Әйтеуір, соларға қарата оқ атып, олардың екеуі қайтыс болды. Қора ішінде менің бір інім қайтыс болды. Жансейіт ағама да оқ тиді. Мені де он шақты рет атты, соның үшеуі башпайымнан бастап беліме дейін тиді. Денемде 80-ге жуық тесік бар, екі рет операция жасаттым», дейді Қансейіт.

Қанды оқиғадан кейін Қансейіттің бір інісі адам өлтіргені үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған. Тағы бір інісі 4 жыл шартты жаза алған. Өзі де 7 ай тергеу изоляторында болып, шартты жазамен босап шыққан.

«Осы іске нағыз қатысы бар – «Сыбаға» базарының директоры Ләйлә Ризванова, Зарина Ризванова, «Мирас» базарының қожайыны Қанат Смағұлов үшеуі ұйымдастырып, қандықол қарақшыларды жалдады. Қанша адам қырылып кетті. Ендеше неге сол адамдар жазасын алмайды?! Куәгерлер тікелей көрсетіп беріп тұр. Тапсырыс қабылдаған адамның өзі айтып отыр. Заринадан ақша алғанын растайтын аудио жазба диктофонда бар. Одан артық қандай дәлел керек?», - дейді Қансейіт Мектепбаев.

Бұл жағдайға қатысты Halyq Uni тілшісі Зарина Ризвановаға телефон арқылы хабарласып, оның да пікірін білді. Зарина Ризванованың айтуынша, былтыр үш адам қаза тапқан атысқа олардың еш қатысы жоқ. Ол бұл оқиғаны «жергілікті қылмыстық топтар арасындағы жанжал» деп сипаттады. Ал өзі атыс ортасында болған Арман Жұбаниязов пен Азамат Еспембетов деген адамдарға алданғанын айтады.

Заринаның айтуынша, «Сыбаға» базары қазір банкте кепілдікке қойылған. Банктен 500 млн теңге несие алып, 2026 жылға дейін ай сайын 9,5 млн теңгеден төлеп отыруы керек. Оған дейін базарды ешкім бөліске сала алмайды екен.

Ашық дереккөздерде «Сыбаға» базарының 50,5%-ы Ляйля Ризвановаға, 49,5%-ы Асылбек Шаимовқа тиесілі екені көрсетілген. Кәсіпорынның жыл басынан бергі табысы шамамен 290 млн теңгеден асады. Былтыр 22 млн теңгеден астам салық төлеген.

Қазір тергеу жүріп, бәрі дәлелденіп жатыр. Онда менің және Ләйлә Құрбанқызының қатысы жоқ екені анықталды. Ол жерде біздің атымыздың аталуы – әлгі алаяқтардың әрекеті. Олар алдымен менен ақша талап етіп, сосын Қансейіт олардан керек мәліметін сатып алған. Соған қарағанда, оларды бізді көрсетіп беруге келістірген, өйткені оларға солай тиімді. Себебі, мені орнымнан алып, өзі отырғысы келеді, - дейді «Қорқыт» сауда үйінің директоры Зарина Ризванова.

Осы істе аты аталған Мирас» базарының қожайыны Қанат Смағұлов үшінші рет қамауға алынған. Оқиғаға қатысты бар Арман Жұбаниязов қазір тергеліп жатыр. Екінші күдікті Азамат Еспенбетов әлі қашып жүр. Қанды оқиғаға қатысы бар Бағдат Бөлекбаев қамауда отыр.

Ал Қансейіт Мектепбаевтың үйі мен ауласындағы оқ іздері сол күйі тұр. Ол әлі күнге дейін өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады. 

«Осының өзінде Қызылордадан қашып келдім. 7 айдан кейін түрмеден шыққан соң да үйіме қаншама рет жігіттер келді. Күндіз де, түнде де келіп жүр. Камера орнаттым, бәрін бақылап отырмын. Есікті тартып көреді, кіргісі келеді. Үйде иттер бар, кедергі келтіреді. Осыдан 20 күн бұрын көшеде ұрып-соғып, ауруханадан бір ақ шығарды. Айтуға да қорқып отырмын: егер мені жоқ қылып жіберсе, мына істің быт-шыты шығады. Қансейіттің көзін құрта, іс те жоқ», - дейді ол.

Қансейіт Мектепбаев бұл істі қалай да соңына дейін жеткізуге бекініп, кінәлі адамдардың тиісті жазасын алғанын қалап отыр. Сол үшін арнайы Астана қаласына келіп, Бас прокуратураға арызын қалдырып кетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама