×

Қазақтың бас ақыны Абайдың туғанына – 178 жыл

Абайдың артында 176 өлеңі, 3 поэмасы, 45 ғақлия сөзі қалды

 Халық үні 10.08.2023 | 10:00
Фото: Абзал Қалиев

Бүгін Қазақстанда Абай күні мерекеленеді. Бұл дата 2020 жылы үкімет қаулысымен Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ресми түрде енгізілді. Биыл хәкім Абайдың туғанына – 178 жыл.

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ӨМІРБАЯНЫ

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысында Шыңғыстауда туған.

Бала Абайдың қалыптасуына әжесі Зере мен анасы Ұлжанның еңбегі зор екені айтылады. Абай алдымен медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб, парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Осы үш жылда алған білім Абайға өмірлік азық болды.

Содан кейін әкесі Құнанбайдың шақыртуымен елге оралған Абай ел ісіне 13 жастан бастап араласқан.

АБАЙ ҚАЛДЫРҒАН МҰРА

Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ол қазақ өлеңіне шалыс ұйқас, ерікті ұйқасты енгізді. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Жасымда ғылым бар деп ескемедім», «Қансонарда», «Сегіз аяқ», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» секілді мазмұны өлең жазды.

Абай аудармылықпен де айналысқан. Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан «Татьянаның хатын» және «Ленскийдің сөзін», Михаил Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы» және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті.

Абайдың артында мұра болып 176 өлеңі, 3 поэмасы, 45 ғақлия сөзі қалды.

АБАЙ ТУҒАН КҮН

Абайдың туған күніне орай Димаш Құдайберген челлендж бастады. Димаш Құдайберген ақынның «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін жатқа оқып, әрі қарай осы бастаманы қолдауды сұрады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 178 жылдығына орай әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

Баршаңызды Абай күнімен құттықтаймын! Хакім Абай–ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде Абай өсиетінің маңызы зор. Адал азамат ұғымы ұлы ақынның «толық адам» тұжырымынан бастау алады. Біз Абай мұрасын насихаттауды жалғастыра береміз, - делінген президент құттықтауында.

Сондай-ақ Абай Құнанбаевтың туған күні қарсаңында өткен XXIV республикалық Абай оқулары өз мәресіне жетті.

Сайыс қорытындысы бойынша министрліктің дипломымен 56 оқушы марапатталды. Байқауға республика бойынша 23 команда, 130-дан аса жас абайтанушы қатысты.

АБАЙДЫҢ ҰРПАҒЫ ҚАЙДА ЖҮР?

Ләйлә Баймағамбетова – Абайдың бәйбішесі Ділдәден сүйген тұңғыш баласы Ақылбайдан тарайды.

«Абайдың он баласы болған. Бәйбішесі Ділдә әжемізден туған тұңғыш баласы Ақылбай 1861 жылы өмірге келеді. Абайдың жас кезі, сонымен Ақылбайды Құнанбай мен Нұрғаным бауырына басады. Ақылбай – Құнанбайдың кенжесі, Құнанбайдың мырзасы болып өскен. Ол әкесі қалыптастырған ақын мектебінің ең алғыр шәкірті болған. Бұл жайында Әуезов: «Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары, екеуі де 1904 жылы Абай өлген жылы қайтқан. Қалған екеуі –  Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың толық мағыналы шәкірттері. Ақылбайды бірінші қояды. Өте дарынды композитор болған. Ақылбайдың атын шығарған «Дағыстан», «Зұлыс», «Жарақ батыр» атты поэмалары бар. «Дағыстанды» оқығанда Абай өте риза болып, «Ақылбай көп сөзді аз сөзге сыйғызатын ойшыл ақын» деген екен. Ал осы Ақылбайдың тұңғышы Әлімқұлдан менің анам Қауаш туады. Ол – Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі. Ал әкем Абайдың сенімді серігі болған ертегіші Баймағамбеттен тарайды», - деген еді Ләйлә Баймағамбетова.

Асқарбек Макин – қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың алыс туысы.

Абаймен бір атаның баласымыз. Ырғызбай атамыздың төрт баласы болған: Өсер, Өскенбай, Мырзатай және Жортар. Өскенбайдан Құнанбай, одан Абай тараған. Біз Өсерден тараймыз. Өсердің ұлы – Жармағамбет. Одан менің атам Мақа туған, - дейді Асқарбек Макин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама