×

Өскеменде полиция қызметкерлері қаруланған бопсалаушыларды ұстады (ВИДЕО)

Қазір күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды

 Динара Амантай 09.08.2023 | 12:15
Фото: polisia.kz

Өскеменде қала тұрғынын қарумен қорқытып, бопсалау арқылы оның ақшасы мен көлігін иемденген 2 ер адам ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 26 шілдеде жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында ШҚО ПД ҰҚҚКБ-ға Өскемен қаласында 2 адамның қала тұрғынынан күштеп ақша алғаны туралы ақпарат келіп түскен. Хабарламаны алғаннан кейін тәртіп сақшылары дереу тексеруге кіріскен. Оның барысында ҚР ҰҰ арнайы бөлімшесімен бірлесіп, қылмыскерлерді ұстаған. Олар 25 және 26 жастағы ер адамдар болып шықты.

Белгілі болғандай, күдіктілер жәбірленушіні қорқытып, қала сыртына күштеп апарған. Осылайша, олар жәбірленушінің ІРhone 14 Pro маркалы екі ұялы телефонын, 800 мың теңге көлемінде ақшасын және Mercedes-Benz автокөлігін иемденгені белгілі болды.

Ұсталғандар жасаған әрекеттерін мойындап, заттай дәлелдемелер, оның ішінде 400 мың теңге көлемінде қаражат ішінара алынды. Сонымен қатар ЖІІШ барысында ұсталған автокөлікті тексеру барысында көлік салонында аңшылық мылтықтың кесіндісіне ұқсас зат және 4 дана оқ-дәрі табылып, тәркіленді. Маманның қорытындысына сәйкес, қаруға ұқсас заттың қосауыз тегіс ұңғылы аңшылық мылтықтың кесіндісі екендігі белгілі болды. Мылтықтың бұл кесіндісі тегіс ұңғылы аңшылық қаруға арналған 12 калибрлі оқ-дәрілерді атуға арналған.  Анықталғандай, қару атуға жарамды болып шықты. Тәркіленген заттар – 4 дана, тегіс ұңғылы аңшылық мылтық қаруына арналған 12 калибрлі оқ-дәрілер. Зерттелген патрондар зауыттық тәсілмен жасалған және тиісті калибрлі оқ-дәрімен атуға жарамды, – делінген хабарламада.

Қазір күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 2-бөлігі, 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама