×

Шымкентте таныстары мен туыстарын 340 млн теңгеге сан соқтырған қылмыстық топ сотталды

Алаяқтардың кесірінен 235 адам шығынға батқан

 Динара Амантай 09.08.2023 | 10:07
Фото: tolqyn.kz

Шымкентте таныстары мен туыстарын 340 млн теңгеге сан соқтырған қылмыстық топтың мүшелері сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қалалық ПБ-ға осындай мәселеге қатысты арыз-шағыммен 235 адам жүгінген. Олар жалған тендермен айналысатын алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.

Жәбірленушілердің айтуынша, өз таныстары тендермен айналысатын бастығына көмек қажеттігін алға тартып, несие рәсімдеуге үгіттеген. Жасаған жақсылығы үшін тиесілі үлесін беруге және банк алдындағы қарызды толық өтеуге уәде еткен. Көбінесе олар несиені тауарлай рәсімдетіп, алынған қымбат техниканы қайта сатып, шыққан соманың 10-12 пайызын сыйақы ретінде беріп отырған. Алайда ай сайынғы төлем уақыты келгенде, күдіктілер қоңырауға жауап бермей, іздерін суытқан. Салдарынан несие өсімі көбейіп, азаматтар қарызға белшесінен батқан.

11 адамнан тұратын қылмыстық топтың құрбандары Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Аталған жайтты тергеушілер ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркеді.

Белгілі болғандай, алаяқтар тобы 23-43 жас аралығындағы 4 әйел және 7 ер адамнан тұрған. Оның ішінде екі банк менеджері бар. Олардың әрқайсысының өз міндеттері болған: кейбірі несие алатын адамдарды табумен, тағы екеуі оны рәсімдеумен, қалғандары сатып алынған тауарларды алып-сатумен айналысқан. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 340 млн теңгеге жуық. Арызданушылар әртүрлі банктерден 250 мың теңгеден 6 млн теңгеге дейін қарыз алған.

Тәртіп сақшылары жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Айыпталушылардың әрқайсысы жасаған қылмысы үшін 5 жылға дейін сотталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама