×

Көпқабатты үйдің бірінші қабатында балабақша ашуға бола ма

Елімізде мектепке дейінгі 11 320 ұйым жұмыс істеп тұр

 Халық үні 07.08.2023 | 13:01
Фото: ашық дереккөз

Елімізде балабақшалар көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналаса алады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Брифингте журналистер «Балабақшалар көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналаса ала ма? Мұндай балабақшаларда қоршалған ойын алаңы да жоқ. Тұрғындар подъезге шығады. Үйдің жанындағы тұрақ та лық толы болады. Жер сілкінісі немесе өрт шыққан жағдайда тәрбиешілер балалармен бірге қайда барады?» деп сұрады. 

Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, мәжіліс депутаттарының бастамасымен заң жобасы әзірленген. Құжатта мектепке дейінгі тәрбие беру нысандарын көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасуға рұқсат беру туралы норма енгізілген.

Дей тұрғанмен құрылыс салушы бірден балалар серуенге шыға алатын аймақты айқындауы қажет. Мұндай жағдайда ол жердің аумағы мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымына лайықталады. Қазірдің өзі кей балабақшаның тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқаны туралы жағдай кездеседі. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен бірлесе бұл мәселе қаралып жатыр. Себебі мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарында ережелер бар. Ол жерде барлық талап жазылған, - дейді Наталья Жұмаділдаева.

Айта кетейік, республика бойынша 11 320 мектепке дейінгі ұйым бар. Жыл басынан бері 29 620 балаға арналған 307 мектепке дейінгі ұйым ашылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама