×

«Арнайы тізім жасалады, айыппұл салынады». Электр скутерін пайдаланушыларға талап күшеймек

Жауапсыз клиенттердің тізімін жасау ұсынылды

 Дәурен Ерболат 07.08.2023 | 12:50
Фото: otyrar.kz

Қазақстанда электр скутерін тебушілерге талап күшейеді. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 29 маусымда президент «Жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. 30 тамызда заң ресми түрде күшіне енеді.

«Осылайша, «Жол қозғалысы туралы» заңға түзетулер енгізілді. Олар көлік құралдарының жаңа түрлері – электр скутері мен шағын электр көлік құралдарының мәртебесін анықтады. Бұл – оларды пайдалану тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекітудегі алғашқы қадам. Бұған дейін электр скутерлері мен шағын электр көліктерді пайдалану «заң аясынан тыс» болды.

Енді біз оларды қауіпсіз пайдалану жөніндегі талаптарды бекіттік. Бұл жолаушыларды тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтуге, шағылыстыратын заттарды алып жүруге және олардың жолдардағы жеке қауіпсіздігіне қатысты, - деді аға инспектор ІІМ-де өткен брифингте.

Заңда электр скутерлерін және самокаттарды дұрыс пайдаланбағандарға жауапкершілік қарастырылған.

Заң бұзылғаны анықталған жағдайда олар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 593-бабы (5 АЕК айыппұл (17 250 теңге), 1 АЕК (3 450 теңге) немесе ӘҚБтК-нің 620-бабы (ескерту немесе 3 АЕК айыппұл (10 350 теңге) бойынша жауапқа тартылады, - деді Ақтоты Боранова.

Саладағы заңнаманы жетілдіру жалғасады. Ішкі істер министрлігі электр скутерлерді тебушілерді жауапқа тартуды мақсат тұтпайды.

Ведомство оларға қолайлы жағдайлар жасау үшін әкімдіктер және кикшерингтік компаниялармен бірлесіп, төмендегі жұмыстарды жүргізеді:

  • Тротуарларда, жолдарда және велосипед жолдарында қозғалыс жылдамдығын реттеуді енгізу;
  • Құқықбұзушылардың жеке басын анықтау және скутерлерді пайдаланып жасалған қылмыстарды ашу үшін скутерді кім, қашан және қандай маршрут бойынша пайдаланғанын есепке алу;
  • Қалаларды тыйым салынған, ішінара шектеулері бар аймақтарға немесе электр скутерлердің қозғалысы үшін шектеусіз аймақтарға бөлуді іске асыру;
  • Скутерлердің тұрағы үшін арнайы орындар анықталады.

ІІМ өкілінің айтуынша, биыл 2 тамызда «Электр скутерлер және оларды жолдарда пайдалану кезіндегі іс-қимыл алгоритмі» тақырыбында кеңес ұйымдастырылған.

  • Онда жарықсыз учаскелерде, қала сыртындағы тасжолдарда және кәмелетке толмағандарға электр скутерлерін пайдалануға тыйым салуды енгізу ұсынылды;
  • Балалардың электр скутерлерін пайдалануын болдырмау үшін салмақ категориялары бойынша тыйым салуды енгізу ұсынылды (мысалы, 30 келі және одан жоғары рұқсат етілсін);
  • Кикшерингтік компаниялар жауапсыз клиенттердің тізімін жасауды ұсынған. Мұндай пайдаланушылар үшін барлық компания бір мезгілде өз қызметтерін ұсынбайды (олар жол қозғалысы ережелерін, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзады, скутерді дұрыс емес жерде қалдырады және тағы басқа);
  • Сондай-ақ полиция патрульдеу үшін электр скутерлерін пайдалану қарастырылады.

Бүгін мен заңнамадағы өзгерістер және электр скутерлерін пайдалануда туындайтын мәселелер туралы айттым. Кейбір шешімдер ұзақ мерзімді болады, кейбіреулері қысқа мерзімде іске асады. Бірақ басты мақсат – электр скутерлерінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Біз кез келген ұсыныстарды өңірлік және орталық деңгейлерде қарастыруға дайынбыз, – деді Ақтоты Боранова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама