×

Астанада қымбат көліктері тәркіленген бұрынғы вице-министрге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр

Тимур Тоқтабаев 2016-2019 жылдар аралығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған

 Айгерім Таубай 03.08.2023 | 16:10
Фото: gov.kz

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Істі елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Дәуренбек Даумов қарап жатыр.

Қылмыстық іс бойынша алдын ала сот талқылауы 2023 жылдың 14 шілдесінде өтті. Сот отырысында Тимур Тоқтабаевтың адвокаттары қылмыс құрамының болмауына байланысты айыпталушыға қатысты іс жүргізуді тоқтату туралы өтінішхат жолдады. Сондай-ақ бұрынғы вице-министрге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Судья Даумов сотталушының адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады.

Тимур Тоқтабаевқа қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі – лауазымды өкілетін теріс пайдалану бойынша айып тағылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қостанай облысындағы қатты пайдалы қазбалардың (никель және кобальт) ірі қоры анықталған «Шевченковское» кен орнын барлау сылтауымен аффилиирленген тұлғаларға аукционсыз заңсыз берген.

Осылайша Тоқтабаевтың бақылауындағы компания қол қою бонусының ең төменгі құнымен өндіруге дайын кен орнын алған. «Шевченковское» кен орнын бірегей никель және кобальт түріндегі қатты пайдалы қазбалар 100 млн тонна 5,7 трлн теңге сомасына бағаланады.

Айта кетейік, 2016-2019 жылдар аралығында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған Тимур Тоқтабаев 2022 жылдың қарашасында қамауға алынды. Тергеу соттың санкциясымен Т.Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама