×

Түркістан облысында 96 елдімекенге спорт нысандары аса қажет – Дархан Сатыбалды

Спорт нысандары «Қазақстан халқыны» қоғамдық қоры қаражатына салынуы мүмкін

 Халық үні 01.08.2023 | 11:51
Фото: aptamedia.kz

Түркістан облысында 96 елдімекенге спорт нысандары «Қазақстан халқыны» қоғамдық қоры қаражатына салынуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды Үкімет отырысында айтты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Түркістан облысы әкімінен «облыста спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі бар болғаны 31%, ал республика бойынша орташа – 50%. Жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?» деп сұрады.

Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста бірнеше спорт нысаны салынды. Халықаралық теннис орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Түркістан қаласында Мұз сарайының құрылысы жүріп жатыр, нысанды тамызда пайдалануға беру жоспарланған. (...) «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 18 елдімекенде дене шынықтыру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ішінде 4 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, - деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Әкімнің айтуынша, Түркістан облысында спорт нысаны аса қажет 96 елдімекен бар. Бұл елдімекендерге модульді спорт нысанын салуға «Қазақстан халқына» қоры есебінен қаржы бөлу мәселесі пысықталып жатыр.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бұл елдімекендерде спорт алаңы бар, алайда халық санының өсуіне байланысты үлкен спорт нысандары қажет.

Айта кетейік, республика бойынша 43 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан.

Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, биыл 113 жаңа спорттық нысан салу, 20 спорттық нысанды реконструкциялау, жұмыс істеп тұрған спорт объектілерін жете жарақтандыру жөніндегі 6 жоба бойынша жұмыс жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама