×

Шымкентте келін қайынатасының атына 2 несие рәсімдеген

Әйел әрекеті әшкереленген соң Түркістан облысындағы туыстарына қашып кеткен

 Динара Амантай 21.07.2023 | 11:26
Фото: polisia.kz

Шымкентте келін қайын атасының атына екі рет несие рәсімдеп, ақшаны өзі иемденіп алған, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Абай ауданының тұрғыны полицияға өзінің атына заңсыз несие рәсімделгені туралы арызбен жүгінген. Ер адамның айтуынша, ол кезекті төлем туралы хабарлама келген кезде несие туралы кездейсоқ білген. Полицейлер бұл жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркеді.

Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтау үшін бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді. Жәбірленушіден, оның отбасы мүшелерінен және әріптестерінен сұрақ-жауап алынды. Смартфонын көбіне қайда және қашан қалдырғанын, жеке деректерін кімге жария еткенін, сондай-ақ ақша аударымдарын тексерді. Нәтижесінде күдікті анықталды. Ол арызданушының келіні болып шықты.

Келін өз әрекеті туралы қайын атасының біліп қойғанын байқап, Түркістан облысындағы туыстарына қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оны мегаполиске жеткізді. Айлакер келіннің қайын атасының телефоны арқылы интернет-банкингті жасырын пайдаланғаны белгілі болды.

Бірнеше айдың ішінде әйел туысының атына 750 мың теңгеге тауар алу үшін 2 несие рәсімдеген. Оларды қолма-қол ақшаға айналдырып, қаражатты өз шотына аударып алған. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады, – деді Абай аудандық полиция басқармасының анықтаушысы Серік Жантаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама