×

Талғар ауданында зейнеткер әйел көше жолын өз бетінше кеңейткен

Ол жергілікті билік өкілдерінің атқарған ісін үнемі жоққа шығарып отырады екен

 Еркеғали Болатұлы 13.07.2023 | 15:00
фото: Казправда

Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының 67 жастағы тұрғыны тар көшені кеңейтпекші болды. Бірақ жергілікті билік оны заң бұзды деп айыптап, 70 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиевтің айтуынша, зейнеткер әйел өз әрекетімен инфрақұрылым нысандарын бұзып, жасыл желекті зақымдаған.

Әкімдік қызметкерлері бұл кісіге ауызша ескерту жасады. Бірақ бұл кісі көнбегендіктен, келесі күні біз жергілікті полиция қызметкерін жібердік, айыппұл салынды. Сондай-ақ газ құбырын темірмен көтерген, – дейді әкім.

Оның айтуынша, Қарабұлақ халқынан жолды кеңейтуге қатысты өтініш түспеген. Ондай ұсыныс болса, іске асыруға болады. Алайда қарабұлақтықтар өзара жиналыс өткізіп, көпшілік «жолды кеңейту қажет» деген ұйғарымға келген.

Тар көшенің бойымен жүйткіген көлік те, ойын баласы да, жасы келген қария да қатар жүруге мәжбүр. Сондықтан онда жол апаты да жиі тіркеледі екен.

Көшеміз өте тар. Мен мұнда 20 жылдан бері тұрамын. Бұрын көлік сирек еді. Ал қазір ары-бері қатынайтындар өте көп. Жақын маңда мектеп бар, балаларға да қиын. Қыста абайсызда аяқтары тайып, көлік қағып кете ме деп тағы алаңдаймыз. Сондықтан көшемізді кеңейткіміз келген. Көршіміздің ешқандай кінәсі жоқ. Тек игі іс жасаймын деген ойы болған. Бірақ айыппұл арқалап қалды, – дейді ауыл тұрғыны Ольга Кукличева.

Алайда көршісін жақтағандардан бөлек, даттағандар да табылды. Олардың сөзіне сенсек, зейнеткер жергілікті билік өкілдерінің халық үшін атқарған ісін үнемі жоққа шығарып отырады екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама