×

Текеліде қоқыс орнынан атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды

Оптикалық көздеуіш және жорықтық фонарь Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған

 Динара Амантай 13.07.2023 | 14:46
Фото: polisia.kz

Текеліде қоқыс орнынан атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жетісу облысының полицейлері мен ҰҚКД қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында Текелі қаласындағы тұрмыстық қалдықтар жиналған қоқыс арасынан атыс қаруы мен оқ-дәрілер сақталған орын табылды.

Жасырын орында қарудың бүкіл арсеналы болды. Екі тегіс ұңғылы шолақ мылтық, «Olimpic» револьвері, газ тапаншасы, түрлі калибрлі 50-ден аса патрон, оптикалық көздеуіш және аңшылық фонарь табылды, – деді Текелі қаласы полиция бөлімінің бастығы Мәулен Қасымжан.

Қару-жарақ тәркіленіп, аталған факті бойынша ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлімінде («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») көзделген қылмыстық іс қозғалды. Оптикалық көздеуіш және жорықтық фонарьдың 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласы аңшылық дүкендерінің бірінен ұрланғаны анықталды.

Полиция заңсыз сақталған қаруды, сондай-ақ негізгі (құрамдас) бөліктерін өз еркімен тапсырған азаматтар (егер олардың іс-әрекеттерінде басқа құқықбұзушылық құрамы болмаса), жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама