×

Қостанайда тұрғындарды 20 млн теңгеге алдап кеткен қыз ұсталды

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды

 Динара Амантай 13.07.2023 | 12:22
Фото: polisia.kz

Қостанайда «CyberPol» қызметкерлері тұрғындарды 20 млн теңгеге алдап кеткен алаяқты анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қостанай облысының полициясына жергілікті 6 тұрғыннан «Сіздің қызыңыз жол көлік оқиғасына түсті» деген дәстүрлі схеманы пайдалана отырып, алаяқтардың алдағаны туралы арыз түскен. Залал сомасы 20 млн теңгеден асты. Барлық өтініштер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеуге «Cyberpol» бөлімшесі мен Қостанай қаласы полиция басқармасының қызметкерлері кірісті.

Жедел тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде облыс орталында 6 тұрғынның зардап шеккені анықталды. Олардың барлығы – зейнеткер және зейнет жасына дейінгі адамдар. Оларға үй телефонына қоңыраулар келіп, белгісіз адамдар туыстарының апатқа ұшырағанын хабарлаған. Алаяқтар қолда бар ақшаны беруді сұраған, – деді «CyberPol» бөлімшесінің қызметкері Олжас Мағыпаров.

Сонымен бірге, жәбірленушілер үйіне келген қызға ақша берген. Оның сыртқы келбеті туралы сипаттамалар әртүрлі болды. Ол жасанды шаш ауыстырып отырған. Оның үстіне қара көзілдірікті және әртүрлі бас киімдерді қолданған.

Алаяқ Қостанай қаласындағы қонақ үйлердің бірінде люкс нөмірінде ұсталды. Одан 800 мың теңге тәркіленді. Ал қалған қаражатты қымбат телефон, заттар мен ойын-сауық құралдарын сатып алуға жұмсаған, – деді Олжас Мағыпаров.

Қазір күдікті ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібімен уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама