×

Қызылорда облысында кене шаққан тағы бір адам қайтыс болды

Ауру ошақтары анықталған елді мекендер қатаң бақылауда

 Еркеғали Болатұлы 11.07.2023 | 16:58
фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысында конго-қырым қанды безгегіне қолайсыз 106 елді мекен анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтылды.

Өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жауапты сала мамандары тұрғындарға барынша сақ болуды ескертіп, дабыл қағып жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетовтің айтуынша, өңірде конго-қырым қанды безгегін жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 29 науқас тіркелген. Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, 3 адам қайтыс болған.

Жалпы, Қызылорда – конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошағы. Сол себепті, қала және барлық ауданда кенеге қарсы көктемгі жұмыстар 2 кезеңмен жүргізіледі. Сондай-ақ тұрғындардың өзі де жаз мезгілінде далалық жерлерде кенеден сақтанып, үй аумағында тазалық жұмыстарын жиі жүргізіп тұруы қажет.

«Қазір қолайсыз елді мекендерде 556 мың бас мал бар. Оның 117 мыңына арнайы препараттар егіліп, қауіпті ауруға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауру ошақтары анықталған елді мекендер қатаң бақылауда», – деді Қызылорда облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін осы өңірде кене шаққан 2 адамның көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ Түркістан облысында да сол зиянкес жәндіктің шағуы салдарынан 1 бала қайтыс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама