×

Жаңақорған, Шиелі аудандарында кене шаққан адамдар көз жұмды

Биыл облыстың медициналық мекемелеріне кене шаққан 600-ден аса адам жүгінген

 Еркеғали Болатұлы 07.07.2023 | 12:10
фото: ашық дереккөз

Жаңақорған ауданынан 77 жастағы және Шиелі ауданының 51 жастағы тұрғыны кене шағып, ауруханаға жеткізілді. Артынша олар жансақтау бөлімінде көз жұмды, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Жыл басынан бері облыстың медициналық мекемелеріне кене шаққан 600-ден аса адам жүгінген. Олардың 23-і Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы күдігімен ауруханаға жатқызылып, 8 жағдайда диагноз расталды.

Қазір осы бір қауіпті жәндіктер мекендейтін табиғат орындарында эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр.

Әрбір жағдайды тіркеген кезде 12 сағат ішінде жеке аумақтарды, мал қораларды және жануарларды дезинфекциялау жүргізіледі. Барлық байланыста болған адамдар 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Жалпы, мамыр, маусым, шілде айлары – кенелердің қауіпті түрлерінің белсенді уақыты.

Сондықтан облыс тұрғындарын абай болуға және кене шаққан жағдайда дереу дәрігерге хабарласуға шақырамыз», – деді Қызылорда облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама