×

Республика күнінде тағы 60 қаламгерге сыйақы береміз - Дәулеткерей Кәпұлы

Ақын-жазушылардың қаланың рухани ортасын қалыптастыруда, әдеби әлеуетін көтеруде еңбегі зор

 Дастан Жұмабекұлы 10.07.2023 | 09:55
Фото: Дәулеткерей Кәпұлы

Жақында Астанада қала күні қарсаңында елорда әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының қолдауымен өткен «Астана – шабыт арқауы» атты мәдени іс-шарада астаналық 80 қаламгер, одан кейін 25 жас ақын-жазушы 500 мың теңге көлемінде сертификат алған болатын. Енді Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, Республика күнінде тағы 60 адамға 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылады. Сөйтіп, Астанадағы Жазушылар одағына мүше 165 адам ақшалай сыйақы алатын болады.

 Дәулеткерей Кәпұлы, астаналық қаламгерлерге ақшалай сертификат тапсырғандарыңыз жақсы іс болған екен. Бұл кімнің бастамасы, идеясы?

– Бұл идея менікі. Біз Алматыдағы қаламгерлерді 3 жыл қатарынан марапаттап келеміз. Осыны неге Астанада жасамасқа деп қала әкімдігіне хабарласып, айттым. Бұған дейін 2 жыл қатарынан бұрынғы қала әкіміне айтып келдім. Әкімдіктің табалдырығын тоздырып, қайта-қайта айтып жүрдім. Енді міне, Астанаға жаңа әкім келгеннен кейін мәселе шешілді. Қала әкімі 20 күннен кейін қабылдап, мәселені көп сөзге келмей шешіп берді.

– Дұрыс болған екен. Астана күні қарсаңында неше адам ақшалай сыйақы алды?

– Барлығы 105 адам алды. Оның ішінде аға буын өкілдерінен 80 адам алса, 25 жас қаламгерге сетификат тапсырылды. Қаламгерге мұндай құрмет Астана тарихында бұрын-соңды болмаған. Тұңғыш рет болды. Осы жерде мен 80 қаламгердің сертификат алуына үлес қосқан мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұловқа да алғыс айтамын.

Жалпы, Астана астана болғалы осы қалада тұрып келе жатқан қаламгерлердің, оның ішінде аға буынның, «Астана – арман қала» деп алып ұшып жеткен жас қаламгерлердің рухани орта қалыптастыруда, қаланың әдеби әлеуетін көтеруде еңбегі зор. Астана тек қана әкімшілік, саяси, қаржылық орталық емес, рухани орталыққа айналып келеді. Мысалы, Қаламгерлер аллеясы, Жазушылар үйі, Журналистер саябағы ашылды. Осының бәрі – әкімдіктің қолдауымен жасалған игі шара.

– Алдағы уақытта Жазушылар одағының мүшелеріне тағы сыйақы бересіздер ме?

– Иә, ондай жоспар бар. Енді Республика күнінде астаналық 60 қаламгерге 500 мың теңгенің сертификатын береміз деп отырмыз. Енді осы азаматтар тіл басқармасы арқылы сертификат алатын болады.

 25 жас қаламгер қалай таңдап алынды?

– 25 үздік жас қаламгер конкурстық негізде анықталды. Олар Астана туралы шығарма жіберді. Конкурстарда үздік атанғандар таңдап алынды.

– Сыйақы әкімдіктің бюджетінен бөлінді ме?

– Иә, Астана қаласы әкімдігінің бюджетінен бөлінді. 7 шілдеде Жастар театрында елордалық «Үздік жас қаламгер» әдеби шарасын өткіздік. Астанада тұратын 25 жастың шабытына дем беріп, талабын шыңдадық. Қала әкіміне, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров бауырыма қаламгерлер атынан алғыс айтамын. Астана тарихында жас қаламгерлерге жасалған тұңғыш қамқорлық жылда жалғасын тапса деймін. Еліміздің байрақты байтағы жасай берсін!

 Рахмет! Іске сәт!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама