×

Антикор Маңғыстау облысының білім саласындағы былықтарды ашты

Сыбайлас жемқорлық тәуекелін жою бойынша 11 ұсыным енгізілді

 Динара Амантай 05.07.2023 | 15:29
Фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен оның аумақтық департаменттері білім саласына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауын жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Білім саласына жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен «Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және жымқыруды болдырмау мәселелері» жөніндегі ведомствоаралық кеңесте қаралды.

Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті сыртқы талдау жұмыстары нәтижесінде білім беру ұйымдарында 13 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтап, оларды жою бойынша 11 ұсыным енгізді.

Атап айтқанда, білім саласына жүргізілген талдау нәтижесінде қызметкерлерге негізсіз қосымша жүктеме арқылы төлем беру жолымен артықшылықтар көрсету, үнемделген ақша қаражаттарынан негізсіз сыйақы алу, негізсіз материалдық көмек беру, әкімшілік мемлекеттік қызметшіге – директорларға негізсіз қаражат аудару, мемлекеттік сатып алу, педагогтерді білім беру ұйымдарына сертификатсыз лауазымға тағайындау сияқты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.

Мәселен, педагогтердің 1 аптада алмастыру жүктемесімен 24-32 сағат көлемінде қызмет атқара алатынына қарамастан, облыстағы білім беру ұйымдарының бірінде бұл көрсеткіш 77 сағатты құраған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің өзі тұрмайтын елді мекендерде жұмысқа орналасуы, сабақ өтпеген күндеріне негізсіз жалақы алуы тәрізді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды, – деді Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің өкілдері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама