×

«Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының жеңімпаздары анықталды

Байқау биыл жетінші рет өткізілді

 Айгерім Таубай 04.07.2023 | 20:30
Фото: Halyq Uni

Астанада «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының жеңімпаздары анықталды. Биыл жетінші рет өткен журналистер арасындағы байқау лауреаттарына 1 млн теңге көлемінде сыйақыдан берілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Биыл байқауға алғаш рет үздік анимациялық фильм және үздік спорт комментаторы номинациясы қосылды.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатты іс-шарасына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның бірінші баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайтаркері Сауытбек Әбдірахманов, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қатысты.

Биыл журналистер күні жақсы басталды. Мемлекет басшысының қамқорлығымен 65 әріптесімізге пәтер кілті табысталды. Елордада Журналистер саябағы ашылды. 2 ақпан – қазақ баспасөзі күні ретінде жарияланды. Биылғы «Тұмар» сыйлығын Астананың 25 жылдығына арнап отырмыз. Биыл байқауға анимация мен спорт журналистикасы еніп отыр. Деректі фильм номинациясын Камал Смайыловтың атына, анимацияны Әмен Қайдаровтың атына, ал спорт журналистикасы номинациясын Аманкелді Сейітхан атына беріп отырмыз, - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Осылайша «Хабар» телеарнасының «Абайдың соңғы күндері» фильмі «Үздік деректі фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз болды.

«Atameken Business» телеарнасының «Дневной формат» бағдарламасы «Үздік ақпараттық бағдарлама» атанды.

«Жетісу» телеарнасының «Жанашыр» бағдарламасы «Үздік әлеуметтік жоба» болды.

«Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Apta» бағдарламасы «Үздік аналитикалық бағдарлама» атанса, дәл осы арнада аптасына 4 рет тікелей эфирде өтетін «1001 түн» бағдарламасы «Үздік ток-шоу» атанды.

Ең алдымен баршаңызды Астананың 25 жылдығымен құттықтаймын. Сол кезде бір чемоданды құшақтап, Астанаға келгеніміз есімде. Журналистердің елордамыздың елорда деңгейіне көтерілуіне қосқан үлесі зор. Жасаған репортаждарының арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі бауырларымыз, ағайындарымыз Астанаға асыққаны рас, - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.

Сондай-ақ Атырау қаласынан ақпарат тарататын «Caspian News» «Үздік аймақтық телеарна» болды.

«Jibek Joly» телеарнасының «Түнгі студия» бағдарламасы да «Үздік ойын-сауық бағдарламасы» деп танылды.

Ал «Үздік тележурналист» номинациясы бойынша «Евразия» бірінші арнасының тілшісі Әйгерім Мұздыбаева жеңімпаз атанды.

Ал «Хабар 24» телеарнасында шығатын «Арнайы репортаж» бағдарламасы «Үздік журналистік зерттеу» аталымы бойынша топ жарды.

Биыл алғаш рет енгізілген «Үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша «Rio Production» ұсынған «Дәрігер Дана» еңбегі үздік деп танылды.

Сондай-ақ биыл алғаш рет «Үздік спорт комментаторы» номинациясы енгізлді. Жеңімпазға марапатты Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов табыстады.

Баршаңызды сүйікті қаламыз – Астананың 25 жылдығымен құттықтаймын. Елордамыз әрі қарай да гүлдене берсін. Журналистер қауымын да кәсіби мерекемен құттықтаймын! Сіздер Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосып келесіздер. Әрі қарай да Әділетті Қазақстан құру үшін шаршамай еңбек ете беріңіздер. Барлық телеарна мен журналистерге ұлттық спортты қолдап, дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін мың алғыс!, - деді Исламбек Салжанов.

Бұл номинация бойынша Есей Жеңісұлы жеңімпаз болды.

Ал арнайы жүлде «31 арна» телеарнасына отандық телевизиялық саланың дамуына қосқан үлесі үшін табысталды.

Биыл «Үздік тележүргізуші» номинациясы бойынша бірден екі журналист марапатталды. Олар: «КТК» телеарнасының тілшісі Светлана Булатова және «Хабар 24» телеарнасының журналисі Еркін Байғабылұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама