×

Енді пара талап еткендер қылмыстық жауапқа тартылмақ

Мұндай бастаманы Антикор көтерді

 Дәурен Ерболат 03.07.2023 | 15:25
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда Қылмыстық кодекске параны сұрағаны және талап еткені үшін қылмыстық жауапқа тартуды көздейтін жаңа 366-2-бап енгізіледі. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланды.

Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген не оған теңестірілген немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын не лауазымды адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамының пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін өзіне немесе басқа адамдарға параны сұрауы немесе талап етуі – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 мың АЕК-ке (6 млн 900 мың теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартуға не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деп жазылған кодекстің жаңа редакциясында.
 

Бірақ пара берген адам жазаға тартылмауы да мүмкін.

«Пара беру өтінішін немесе талабын білдірген адам, егер ол құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға осы факті туралы аталған органдарға мәлім болғанға дейін параны сұрағаны немесе талап еткені туралы өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады», - деп жазылған құжатта.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңға неге мұндай өзгеріс енгізгелі жатқанын да түсіндірді.

Біздің ойымызша, «пара сұрау» және «пара талап ету» бірдей ұғым емес, бірақ екеуі де қоғамда теріс сипатқа ие. Сондықтан пара сұрағаны үшін де, талап еткені үшін де қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Әйтпесе, кінәлі адам пара сұрағанын, бірақ талап етпегенін немесе керісінше, дәлелдеп жазадан құтыла алады деп ойлаймыз, - деп жазылған құжатта.

17 шілдеге дейін құжат көпшілік талқылауда болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама