×

Түркістан музыкалық драма театры гастрольдік сапармен Астанаға келді

Астана күніне орай театр көрерменге 4 қойылым ұсынады

 Халық үні 30.06.2023 | 15:29
Фото: liter.kz

Елорданың 25 жылдығы қарсаңында Түркістанның екі жылдық тарихы бар театры гастрольдік сапармен Астанаға келді. 

Түркістан музыкалық драма театры 2023 жылдың 2-5 шілде аралығында Астана қаласының бас театрларында қойылымдарын көрермендерге ұсынады. 

Театрдың ашылғалы бірнеше тарихи драманы сахналап үлгерді. Олардың қатарында Д.Исабековтың «Бөрте»,  Е. Аманшаевтың «Қорқыт», А. Нүсіптің «Мағжан», Т. Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», Р.Мұханованың «Фариза» және т.б спектакльдері бар.

Қазір Түркістан музыкалық драма театрының репертуарында 9 спектакль бар. Дулат Исабековтың «Бөрте» спектаклі – Қазақстан Республикасы мәдениет және өнер саласындағы «Ұмай» тұңғыш ұлттық сыйлығын, II халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалінің бас жүлдесін және «Театр сыншыларының бірлестігі» ұйымдастырған «Сыншылар жүлдесін» жеңіп алды.

«Ticketon.kz» сервисінің 10 жылдығына арналған «Тикетон премия- 2022» байқауында «Жылдың үздік премьерасын» жеңіп алды және театр актрисасы Айя Шәріп «Бөрте» рөлі үшін «Жыл актрисасы» атанды.

Талаптан Ахметжанның «Махаббат мұнарасы» қойылымы 2023 жылы «Ticketon.kz» сервисі ұйымдастырған байқауда «Жылдың үздік аймақтық спектаклі» номинациясы бойынша топ жарды.

Гастрольдік сапар барысында Түркістан музыкалық драма театры 2023 жылдың 4 шілдесінде Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры сахнасында жас драматург А. Нүсіптің «Мағжан» тарихи драмасын қояды.

Спектакльдің өзекті тақырыбы – Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық саласындағы еңбегі, махаббаты, ұлтқа адал қызметі, Сарыарқаны жайлаған аштық (1921-22 жж.).

Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» сахнасында драматургтер Е. Аманшаевтың «Қорқыт», Т. Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», Р.Мұханованың «Фариза» спектакльдері 2- 5 шілде аралығында қойылады.

«Жастар» театрында:

2 шілде – «ФАРИЗА»

3 шілде - «МАХАББАТ МҰНАРАСЫ»

5 шілде - «ҚОРҚЫТ ТУРАЛЫ АҢЫЗ»

Басталуы: 19:00

Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында:

4 шілде - «МАҒЖАН»

Басталуы: 19:00

Серіктес жаңалықтары

Сараптама