×

«Күйеуіңді өлтіремін!»: Алматы облысында жолға таласқан жігіт өзгенің көлігін бүлдірген (ВИДЕО)

Бұзақылық дерегі бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 29.06.2023 | 14:02
фото: видеодан скриншот

Жамбыл ауданының полиция қызметкерлері жолда бұзақылық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әлеуметтік желіде жолға таласқан ер адамдардың бұзақылық әрекеті бейнеленген видео тарады. Онда күдікті азамат екінші көліктің терезесін сындырып, жүргізушіні ұруға талпынып, қоқан-лоққы көрсеткен. Жәбірленушінің «көлікте бала бар» деген сөзін елемей, оның әйелін «Күйеуіңді өлтіремін!» деп қорқытқан.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ер адам Алматы қаласының 1993 жылғы К. есімді тұрғыны болып шықты. 28 маусымда Жамбыл аудандық ПБ-ға 1992 жылғы О. есімді азамат Алматы – Бішкек автожолында сағат 19:20 шамасында жол қозғалысы ережелерін бұзып, жол-көлік оқиғасын жасаған, сонымен қатар бұзақылық ниетпен көлігін бүлдірген белгісіз адамға қатысты шаралар қабылдау туралы жазбаша арызбен жүгінген.

Аталған дерек ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша бірден аудандық полицияда тіркелді. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдіктінің автокөлігі Ұзынағаш ауылының арнайы айып тұрағына қойылды.

ЖКО дерегі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі бойынша К. есімді жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұзақылық дерегі бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімін қабылдау үшін тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама