×

Air Astana «Галатасарай» футбол клубының демеушісі болды – әуекомпания жауабы

Қазақстандық әуекомпанияның түрік футбол клубының демеушісі болғаны жайлы ақпарат тарады

 Халық үні 29.06.2023 | 11:04
Фото: Tengrinews.kz

Жуырда Gooal.kz порталы қазақстандық Air Astana әуекомпаниясы «Галатасарай» футбол клубының демеушісі атанып, жыл сайын 7,5 млн доллар инвестиция салатынын хабарлады. Дереккөздің мәліметінше, қазақстандық компания мен түрік футбол клубы арасындағы келісімшарт 5 жылға созылады.

Алайда, Air Astana компаниясы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, алдағы уақытта әуекомпанияның түрік клубына демеушілік жасау туралы жоспары жоқтығын мәлімдеді. 

Еске салайық, «Галатасарай» футбол клубы биыл Түркия чемпионы атанып, алдағы маусымда УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнауға жолдама алды.

«Галатасарай» – 23 рет Түркия супер-лигасын, 18 рет Түркия кубогын, 16 рет Түркия суперкубогын, бір мәрте УЕФА кубогын жеңіп алған Түркиядағы ең танымал, жүлдеге бай клуб.

Air Astana әуекомпаниясы 2001 жылы тіркеліп, алғашқы рейсін 2002 жылдың 15 мамырында орындады.

Компанияның ресми сайтында жазылғандай, қазақстандық әуекомпанияның акциялық үлесінің 51 пайызын үкімет («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ), ал 49 пайызын BAE Systems (Ұлыбритания) компаниясы иеленген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама