×

Отбасы агенттігін құру ұсынылды

Елде ажырасқандар саны азаяр емес

 Дәурен Ерболат 27.06.2023 | 14:20
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда әлеуметтік топтардың мәселелерін тиімді шешу үшін Отбасы, әйелдер, балалар және жастар істері агенттігін құру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын gремьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері бойынша, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 6,5 млн-ға жуық бала бар, 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 5,7 млн-ға жуықтайды. 2022 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген цифрлық картаға сәйкес, дағдарыс жағдайындағы отбасылар саны 1,2 млн болған, қиын жағдайдағы отбасылар саны 6 983-ке жетіп, 12 мыңға жуық бала мұқтаж отбасыларда тәрбиеленіп жатыр, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат қоғамда отбасы мәселесі өзекті екенін атап өтті.

«Біріншіден, елдегі ажырасу деңгейі жыл санап өсу үстінде. World Population Review халықаралық зерттеу сайтының мәліметінше, Қазақстан ажырасу бойынша әлемдік рейтингте екінші орында тұр. 2022 жылы 140 256 неке қиылып, 48 239-ы ажырасқан.

Екіншіден, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың таралуы қатты алаңдатады. Құқықтық статистикаға сәйкес, 2022 жылы отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 25 172 адам, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 17 403 адам, зорлық-зомбылық жасағаны үшін 9 658 адам жауапқа тартылып, 993 адам қылмыстық жауапкершілік арқалаған. Мұндай оқиғалар әйелдер мен балаларға физикалық және психологиялық зиян келтіреді, оларды қорғау үшін дереу әрекет ету қажет.

Үшіншіден, жастар арасындағы суицид мәселесі Қазақстанда күрделі әлеуметтік-психологиялық мәселеге айналды. 2022 жылы 3700 суицид тіркеліп, 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың үлесі – 17,3%. Бұл көрсеткіштер шұғыл әрекет етуді және елдегі жастарға қолдауды арттыруды талап етеді», - деді Нұргүл Тау.

Оның айтуынша, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қарамастан, отбасы, балалар және жастар саясаты бойынша жұмыс үйлестірілмеген.

Осыған байланысты депутат аталған проблемаларға жауап беретін Отбасы, әйелдер, балалар және жастар істері агенттігін құруды ұсынды.

Мұндай қадам осы саладағы жұмысты тиімді үйлестіруге, отбасылардың, әйелдердің, балалар мен жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық және суицид деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама