×

Ақпарат саласының 65 қызметкері баспаналы болды

Тұрғын үй кешені «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қорының атсалысуымен салынған 

 Халық үні 26.06.2023 | 14:01
Фото: ақпарат және қоғамдық даму министрлігі

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік БАҚ-тың 65 қызметкері баспаналы болды.

Салтанатты шараға Президент әкімшілігінің өкілдері, Ақпарат және қоғамдық даму министрі, БАҚ басшылары мен «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қорының өкілдері, сондай-ақ  БАҚ қызметкерлері қатысты.

Журналистер күні тамаша бір тартумен басталып жатыр. Ең әуелі сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен, баспаналы болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қоғамның барометрі атанған журналистерге, қарусыз майданның көрінбес қаһармандарына Мемлекет басшысы, министрліктің атынан үлкен алғыс білдіремін. Міржақып Дулатұлы атамыздың жақсы бір сөзі бар «Кімнің баспасөзі мықты болса, сол ел мықты» деген, қазіргі заманның тілімен айтқанда, кімнің журналисі мықты болса, сол озар. Енді құдайы көрші болыңыздар!, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

«Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қорының атсалысуымен салынған тұрғын үй кешені бір жылда салынып, ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталған.

«Әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды әрі қоғам алдында тұрған өткір мәселелерді көтеріп, дабыл қағатын да, оның оң шешімін  табуға ықпал ететін де – БАҚ өкілдері. Кәсіби деңгейі жоғары, оқырман мен көрерменге жауапкершілікпен қарайтын журналистер қашанда да құрмет пен қолдауға лайықты. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!» – деді «Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

Баспанаға ие болған БАҚ өкілдері бұл кәсіби мереке қарсаңында шын мәнінде күтпеген тосынсый болғанын айтып, ризалығын білдіріп жатты. Сол қуанышты лектің ішінде ұлттық телеарнада 35 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Рахима Балтабаева да бар.

«Бүгінгі күн мен үшін ең бақытты күн десем болады. Өзім екі баланың анасымын. Бұл менің алып отырған алғашқы пәтерім. Мұндай бастама көтерген Президентке, сол игі іске қолдау танытқан Қорларға және телеарна басшылығына зор алғысымды айтқым келеді. Осындай үлкен қуанышқа кенелемін, маған пәтер бұйырады деп тіпті де ойламаппын. Міне, қазір ғана баспаналы болғанымды біліп, шыны керек, мұндай үлкен тосынсыйға жүрегім жарылардай қуанып тұрмын», – деп, ағынан жарылды Рахима Балтабаева. 

«Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Жолдыбай Базаров та бұл қуаныштың күтпеген тосынсый болғанын айтады.

«Мен үшін де, отбасым үшін де күтпеген тосынсый болды. Астанадан пәтер алсақ деген тілегіміздің осылай іске асқаны қаншалықты орасан қуаныш екені айтпасам да түсінікті. Мемлекет басшысына, «Дара» және «Халық» қайырымдылық қорларына, Ақпарат және қоғамдық даму министріне, мені осы тізімге қосқан өз ұжымыма зор алғысымды айтамын. Осының бәрі, айналып келгенде, еліміздің тыныштығы мен амандығының арқасында болып жатыр ғой. Сондықтан, еңбегіміз жемісті болсын, табысты болайық. Менің Алла берген алты балам бар, сондықтан да біз үшін бұл өте қомақты сый», – дейді ол қуанышын жасыра алмай.

«Баспана деген көптеген замандастарымыздың проблемасы ғой. Алғашқы жарнасын жинайсың, әрі тартасың, бері тартасың – бәрібір жеткізе алмайсың. Ал бүгін күтпеген жерден пәтер кілтін тапсырғанда, қандай күйде болғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Барлығына зор алғыс. Бұл – енді сыйлықтың төресі болды!» – деп, қуанышымен бөліскен Jibek joly телеарнасының тележүргізушісі Әнуар Қарбозов сүйінші хабарды алдымен анасына жеткізіп жатты.

«Дара» президенттік бастамалар қорының директоры Әсел Шілдебаева
ақпарат саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап: «Бүгін 65 отбасы үлкен қуанышқа кенелді. Баспаналарыңыз құтты болсын! Әрқашан армандарыңыз орындала берсін»! – деген ақ тілегін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама