×

Президент тапсырмасы: 18 оқу орны мен 70-ке жуық көшеге жаңа атау беріледі

Идеологиялық тұрғыда ескірген көше атаулары өзгереді

 Дәурен Ерболат 22.06.2023 | 16:25
Фото: gov.kz

Қазақстанда 70-ке жуық көше мен 18 оқу орнының атауы өзгереді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты, деп деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық музейде республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті.

Кездесуде еліміздегі 18 оқу орнын және Көкшетау, Қосшы, Степногор (Ақмола облысы) Арыс (Түркістан облысы) және Талдықорған (Жетісу облысы) қалаларындағы 69 көшенің атауын өзгерту мәселесі талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша:

  • Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф, тарихшы, академик Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы шешім қабылданды.
  • Ақтау қаласындағы №28 жалпы орта мектепке ұлы ағартушы, ғалым, ақын және публицист Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. «Ұлт ұстазының» есімімен Қостанай ауданының білім бөлімінің мемлекеттік тілде оқытатын Заречная жалпы білім беретін мектебі, сондай-ақ Жетісу облысы Алакөл ауданының Үшарал қаласының №1 орта мектебі аталады.
  • Қостанай ауданы білім бөлімінің Совхоз жалпы білім беретін мектеп атауы көрнекті жазушы, ақын және қоғам қайраткері Спандияр Көбеевтің құрметіне өзгертіледі.
  • Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласының №2 орта мектебі қазақ әдебиетінің классигі, ақын, жазушы, драматург және журналист Ілияс Жансүгіровтің есімімен аталады.
  • Жетісу облысы Алакөл ауданы Бескөл станциясының № 14 орта мектебі атауы әлемге әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің құрметіне өзгертіледі.
  • Жетісу облысы Алакөл ауданы Достық кентінің № 11 орта мектебі Кеңес Одағының Батыры және майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының есімімен аталады.
  • Жетісу облысындағы Үшарал қазақ гимназиясына ұлы ағартушы және педагог Ыбырай Алтынсариннің есімі беріледі.

Идеологиялық тұрғыда ескірген, қайталанатын атаулары бар көшелер мен басқа да орындарға тоқталайын. Көкшетау қаласында «Революция үшін күрескерлерге арналған саябақ» «Алаш арыстары» деп өзгертіліп, Дмитриев көшесі аты аңызға айналған Дәулеткерей күйшінің құрметіне өзгереді. Ақмола облысы Қосшы қаласындағы 20-шағын ауданның бірнеше көшесіне Әміре Қашаубаев, Жаһанша Досмұхамедов, Нұрғиса Тілендиев, Жұмекен Нәжімеденов, Роза Бағланова, Шоқыр Бөлтекұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Батырхан Шөкенов сияқты тұлғалардың есімі берілді. Степногор қаласында Парковая және Степная көшелері аты аңызға айналған палуан Қажымұқан мен Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың құрметіне өзгертіледі.  Талдықорған қаласының бірнеше көшесіне Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың, Тұманбай Молдағалиев, Сағадат Нұрмағанбетов сияқты тұлғалардың есімі берілді», - деді Асхат Оралов.

Түркістан облысы Арыс қаласында Роза Бағланованың, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның және әртүрлі географиялық орындардың: Шарын, Сарыарқа, Ұлытау, Жидебай, Сарайшық және тағы басқа көшелер пайда болады.

Отырысқа қатысушылар көше атаулары өңірдің тарихи және географиялық ерекшеліктерін көрсетіп, нақты мағынаға ие болуы керек деген ұстанымда.

Айта кетейік, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев өмірбаяны біреудің жеке мүддесі мен қалауы үшін мифологияланған кеңестік қайраткерлердің есімін әртүрлі нысандарға беру тәжірибесін тоқтату керегін мәлімдеген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама