×

Шымкентте үш адамның өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды

Ол жол апаты алдында есірткіні қолданған

 Динара Амантай 21.06.2023 | 16:38
Фото: Halyq Uni

Шымкентте жол апатына кінәлі ер адам көлік жүргізу құқығынан өмір бойына шектетіліп, бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, өткен жылдың көктемінде Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі есірткі қолданып, Алматы – Ташкент – Термез тасжолының бойымен белгіленген жылдамдықтан асырып, бағдаршамның түсіне мән бермей, жолды кесіп өтіп кеткен. Ол әл-Фараби көшесінің қиылысына дейін барып, Hyundai Starex көлігімен соқтығысқан. Соққыдан «Альфард» көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Daewoo Gentra көлігін соққан. Соның салдарынан Hyundai Starex көлігінің 57 жастағы жүргізушісі, 65 жастағы зейнеткер мен 35 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Көліктің қалған 5 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаларға жеткізілді. Оның ішінде екі кішкентай бала болды. Жол-көлік оқиғасын жасаған Toyota Alphard жүргізушісі мен көлік салонында болған 2 ер адам да медициналық мекемеге жатқызылды.

Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 345-1-бабы 4-бөлігімен («Көлік құралын масаң күйінде басқарған адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы») СДТБТ-не тіркеді.

Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Қылмыстық іс материалдарын айыптау актісімен бірге сотқа жолдады.

Сот үкімімен қылмыскер 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлікті жүргізу құқығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама