×

«Мектеп түлегінің қазасы»: Маңғыстау облысында оқушыларын теңізге апарған мұғалім сөгіс алды

Өңірде жаздың басынан бері 10 бала суға батып кеткен

 Динара Амантай 20.06.2023 | 09:43
Фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысында 9-сынып түлегінің теңізге батып қайтыс болуына байланысты оның мұғаліміне сөгіс жарияланды. Бұл туралы Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

lada.kz сайтының мәліметінше, қайғылы оқиғаның бел ортасында Мұнайлы ауданы мектептерінің бірінің оқушылары болған. Жасөспірімдер сынып жетекшісімен бірге оқу жылының аяқталуын атап өту үшін Ақтаудан 68 км жердегі теңізге шыққан. Бұл жерге топ сынып жетекшісімен бірге автобуспен 24 адам барған.

Мұнайлы ауданының 9-сынып түлектері автобусты жалға алып, теңізге шықты. Оқиғадан бір адам қаза тауып, тағы төртеуі ауруханаға жатқызылды. «Соңғы қоңырау» басталғанға дейін біз алдын-алу іс-шараларын өткіздік. Сонымен қатар оқушылардың табиғатқа шығуына тыйым салу туралы ақпарат жарияланғанына қарамастан, мұғалім қаладан шығуға рұқсат берген. Өрескел бұзушылыққа жол бергені, сондай-ақ өз міндеттемелеріне немқұрайлы қарағаны үшін мұғалімге сөгіс жарияланды, - деді Динара Жұмашева.

Сондай-ақ ол бұған дейін ведомство мектептерге қолданыстағы тыйымдар туралы хабарлағанын айтты. Мысалы, түлектерге мерекелік шаралар, мейрамханаларда кештер ұйымдастыруға, автокөліктерді жалға алуға, қала немесе аудан бойынша экскурсиялар өткізуге рұқсат етілмейтінін ескерткен. Алайда, оның айтуынша, әрбір ата-ана бұл шаралардың қаншалықты маңызды екенін түсінбейді.

Кейде біз ата-аналарды, ата-аналар бізді түсінбейді.  Кейбіреулер мейрамхананың ақысын төлеп, костюмдер мен киімдерді сатып алғанын айтады. Жаздың басынан бері біз 10 адамнан айырылдық. Олардың барлығы кәмелетке толмаған. Осыған байланысты біз ата-аналарға қатысты материалдарды кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияға жіберетін боламыз. Ата-аналардың немқұрайлылығын туралы олардың жұмыс берушілері де хабардар етіледі, - деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Ведомство басшысы бұл шаралардың мәжбүрлі шара екенін айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысында бес адам суға кетіп, біреуі көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Құтқарылған 2008 жылы туған қыз жансақтау бөлімінде жатыр. Адам өліміне қатысты сот-сараптамалық экспертиза тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама