×

«STOP-трафик» операциясы: үш күнде 47 қылмыс анықталды (ВИДЕО)

39 жастағы азамат жаңа туған сәбиін сатып жіберген

 Дастан Жұмабекұлы 19.06.2023 | 14:31
фото: ашық дереккөз

Елімізде ішкі істер органдарының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері адам саудасын әшкерелеу мен оны алдын алу мақсатында «STOP-трафик» операциясын өткізді.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, операцияның үш күнінде полицейлер адам саудасына қатысты 47 қылмысты анықтады. Оның ішінде жұмысқа жегу, адамды сату, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу, притон ұстау сияқты қылмыс бар.

Қыз-келіншектерге жезөкшелікпен айналысуға баспана беріп, мәжбүрлеген 30 адам анықталды. Сондай-ақ, Алматы облысында кәмелетке толмаған баланы сатқан адам ұсталды.  Осы облыстың 39 жастағы тұрғыны өзінің жаңа туған сәбиін сатып жібергені белгілі болды.

Бұл оқиға 2021 жылдың желтоқсанын айында  болған екен. Әйел баласын ерлі-зайыптыларға жарты миллион теңгеге сатқан.

Сол сияқты Қарағанды облысында еңбекке еріксіз жегу фактісі анықталды. Шаруа қожалығының басшысы, 52 және 30 жастағы азаматтардың өзіне қарыз екенін пайдаланып, бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылық көрсетіп, жұмысқа салған. Ер адамдар үй шаруашылығымен, техниканы жөндеумен және мал күтімімен айналысуға мәжбүр болған. Қашуға тырысқанда олар қожалыққа қайта қайтарылып, жазаланып отырған. Шаруа қожалығына жақын трасса 65 шақырым жерде орналасқан.

Қазіргі уақытта еңбекке еріксіз жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Жәбірленушілерге қажетті көмек көрсетілуде.

Қостанай облысында 38 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол бір ай бойы алдау және бопсалау жолымен колледжде оқитын қызды жезөкшелікпен айналысуға тартып, оны жалдамалы пәтерлерде клиенттермен жолықтырып отырған. Жәбірленуші туыстарына тапсырылды. Қылмыстық кодекстің 134-бабы «Кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Адам саудасының алдын алу оперциясында Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында көшелерде ақпараттық билбордтар орнатылды. Сондай-ақ вокзал маңындағы алаңда, базарларда және басқа да қоғамдық орындарда буклеттер, брошюралар, үлестірме материалдар таратылды. Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ұлытау облыстарында көшелер мен кинотеатрларда адам саудасына қарсы күрес бойынша сенім телефонының «116 16» нөмірімен әлеуметтік роликтер көрсетілді.

Қазіргі кезде Ішкі істер министрлігі адам саудасы мен адамды жұмысқа жегу проблемасымен айналысуда. Осы мақсатта мәжбүрлі еңбекті анықтау үшін шаруа, фермер қожалықтары, құрылыс объектілері, жыныстық пайдалану фактілерінің жолын кесу үшін монша кешендері мен қонақ үйлер тексеріліп, интернет желісі де бақыланып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама