×

Күн сайын 570 мыңнан астам пациент келеді: Бүгін отандық дәрігерлердің кәсіби мерекесі

Елімізде 270 мың медицина қызметкері бар

 Айнұр Шошаева 18.06.2023 | 10:10
Коллаж: Halyq Uni

Бүгін – қазақстандық дәрігерлердің кәсіби мерекесі. Төл мерекені денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін  270 мың медицина қызметкері атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
 
Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мерекені биыл мемлекеттік медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін 79 мың дәрігер, сондай-ақ 191 мың орта медицина қызметкері атап өтпек.

Денсаулық сақтау министрлінінің мәліметінше, республика бойынша 3 324 амбулаториялық-емханалық ұйым бар. 

Күн сайын 570 мыңнан астам пациент МСАК ұйымдарына барады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15% артық. 3 жылдың ішінде МСАК шығыстары 1,5 есе өсті, бұл денсаулық сақтаудың жалпы бюджетінің 34,3%-ын құрайды. 2025 жылға қарай МСАК шығыстарын 2 есеге жуық ұлғайту және денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-на дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте шығыстар негізінен республика халқының денсаулығын сауықтыру және қолдау мақсатында профилактикалық шараларды ұлғайтуға және күшейтуге бағытталатын болады, – деді министрлік. 

Сондай-ақ елімізде жыл сайын МСАК қызметін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғаяды. 2022 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін нозологиялар тізбесі 3,6 млн адамды қамти отырып, 224,6 млрд теңге сомасына 126-ға дейін кеңейтілді.

Ақ халатты мамандардың қызметінің көмегімен былтыр Қазақстанда 403 мың бала дүниеге келген. Босандыру сапасын жақсарту үшін қалыпты босандыру құнының тарифі 30%-ға көтерілген. Сонымен қатар «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жыл сайын ЭКҰ-ға 7 мың квота бөлініп отыр. Бүгінде соның арқасында 14 мың әйелге ЭКҰ өткізілді, 6 мыңнан астам әйелде жүктілік басталды, 4 мыңға жуық  нәресте дүниеге келді. Тағы 3 мыңға жуық әйел сәбиін күтіп жүр. 

«Қамқорлық» бастамасы табысты іске асырылуда, бүкіл ел бойынша 15 оңалту орталығы және 11 ерте араласу орталығы ашылды. Балаларды медициналық оңалтумен қамту 2019 жылғы 18%-дан 2022 жылы 30%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, баланы дамыту кабинеттерінің желісі 600-ден 1 500-ге дейін кеңейтілді. Алдағы үш жылда заманауи жабдықтармен жабдықталған 13 заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр», – деп қосты министрлік. 

Айта кетейік, жыл сайын 1,5 миллионнан астам бала скринингпен қамтылады, 5 миллионнан астам бала профилактикалық тексеруден өтеді. Балалардың кардиохирургиялық көмегі табысты дамып жатыр. Мәселен, жылына туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 2 мыңға дейін операция жасалады.

Отандық дәрігерлер соңғы бір жылда 800 мыңға жуық ота жасады, оның 2 мыңнан астамы күрделі операция.  

Бүгінде профилактикалық шаралардың арқасында қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті.    

2019 жылмен салыстырғанда халықтың жалпы өлім-жітімі 6% төмендеді, оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 5%, обыр – 13%, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім-жітім 24%, туберкулезден болатын өлім-жітім 30% төмендегені байқалады. Сондай-ақ, нәресте өлімінің 8% төмендеуі байқалады, – деп қосты министрлік. 

Айта кетейік, Қазақстан билігі 2027 жылға қарай денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нен 5%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Былтыр бұл мақсаттағы шығыстардың көлемі 3,7%-ға дейін өсті.

Қазақстан Республикасында бұл мереке 1998 жылдан бері атап өтіледі. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама