×

Мың балаға бір маман: Қазақстанда мектеп психологтары жетіспейді

Бүгінде елімізде 7 мыңнан астам психолог-педагог жұмыс істеп жатыр

 Айнұр Шошаева 16.06.2023 | 09:05
Фото: Halyq Uni

Еліміздің мектептерінде психолог-педагог мамандардың тапшылығы байқалады. Астанада өткен халықаралық психологтар форумында балалар мен жастардың әлеуетін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni

«El Umiti» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен елордада «Балалар мен жастардың қабілеттерін, дарындылығын диагностикалау мен дамытудағы өзекті мәселелер» атты психологтардың І халықаралық форумы басталды. Форумға қабілеттер мен дарындылық психологиясы саласын зерттеп жүрген отандық және шетелдік мамандар қатысып жатыр. 

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның пікірінше, бүгінде елімізде өзін психолог деп танытатын біліксіз мамандар көбейген. 

«Форумның мақсаты – балалардың тұлғалық дамуына, олардың осы заманның сыни қатерлеріне дайын болуына арналған арнайы кәсіби ұсынымдар әзірлеу. Мұнда кәсібилік өте маңызды. Себебі қазір өзін психологпын деп танытатын адамдар көбейіп кетті. Бірақ кәсіби көзқарасы, әсіресе балалар психологтарының пікірін ескеру өте маңызды. Мектептерде педагог-психологтар жұмыс істейді, олардың біліктілігін арттыруда қазір әлемде бар тенденцияларды қолдануымыз керек», – деді ол. 

Бүгінде еліміздің мектептерінде балаларға психологиялық көмек көрсетілетінін атап өтті. 

Биылдан бастап мектепішілік есепке алу тәсілін енгіздік. Мұндағы мақсат -көмекті қажет ететін, мінез-құлқында өзгерістер бар, үлгерімі төмен балаларды есепке алып, оларға дер кезінде көмек көмек көрсету. Есепке алудың ешбір құқықтық салдары жоқ, оқу процессіне және баланың жүріп-тұруына ешқандай әсер етпейді. Тек қана көмек беруге бағытталған. Қазақстанда 7 мыңнан астам педагог-психолог бар. Қазіргі күні психологиялық көмекті кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Өйткені оған қажеттілік бар. Әкімдіктер тарапынан психологиялық орталықтар құрылуда, қазір 7 өңірде істеп тұр, – деп қосты вице-министр. 

Сонымен қатар Еділ Оспан Қазақстан мектептерінде психологтарға жүктеме барын атап өтті. Мемлекеттік оқу стандарты бойынша бір мектепте бір психолог-педагог болуға тиіс. Алайда мектептегі оқушы саны есепке алынбайды. Айта кетейік, Астананың кейбір мектептерінде 1 мыңнан астам оқушы бар. 

«Бұл мәселені қалай шешеміз деп талқылап жатырмыз. Мәселені білеміз. Мектеп психологтарының санын көбейту мемлекеттің бюджет қаржысына байланысты», - деді министрдің орынбасары. 

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова елімізде балалардың әл-ауқатының индексі әзірленгенін атап өтті. Аталған индекс 56 индикатордан тұрады. 

Бүгінде балалардың психологиялық әл-ауқатының қалыптастыруы цифрлық дәуірге өту кезінде өте өзекті мәселенің бірі. Сол себепті бізге пәндік білімді трансляциялаушы педагог емес, кәсіби маман, оқу процессін ұйымдастырушы, шығармашылық міндеттерді шешуші және жасөспірімдердің әлеуметтік маңызды мәселелерді түсіне білетін маман керек. Жаңа педагогтар балалар суициды, тұрмыстық зорлық-зомдылық, жастардың бейформалды лидерлері және т.б. проблемаларға тап болып отыр. Бүгінде елімізде 7 мыңнан астам психолог-педагог жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ 4 мыңнан астам әлеуметтік педагог, 180 мыңнан астам сынып жетекшісі бар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан еліміздегі 340 мыңнан астам педагогтың қызметі заманауи баланың психологиясы мен тұлғағын тану арқылы қалыптастырылуы керек, – деді Насымжан Оспанова. 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеінің жалпы және қолдаңбалы психология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Ниетбаева ауыл мен қаладағы мектеп психологтарының жұмысындағы айырмашылықтарды атады. 

«Ауылдағы психологтардың қиыншылықтары бар. Мысалы, қаладағы психологтарға мәліметтер, психологиялық диагностикалар мен дамыту бағдарламалары қолжетжетімді. Жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ал ауылда бұл қиыншылық тудырады. Сол себепті ауылдағы мектеп психологтары интернеттен алған мәліметтерімен жұмыс істей береді. Яғни осы күнге дейін біліктілікті арттыруда қиыншылықтар туындаған еді. Бүгінде еліміздегі психология бағытындағы үлкен жетістік – үш жылдан бері «El Umiti» жобасының қолдауымен балалардың қабілеті, психологиялық диагностика және дамыту бағытында жұмыс басталды», – деді Ниетбаева. 

Оның айтуынша, қазақстандық мамандар 25 психологиялық диагностикалық әдістерді жетілдіріп, қолданып жатыр. Қазір ол әдістер онлайн форматқа ауыстырылуда, яғни ауылдық жерде қолжетімді болады. 

«Диагностикадан кейін даму жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, ғалымдар оқушының эмоционалдық интеллекті нақты алғанда 7-9 жасында дамитынын айтады. Диагностика оқушының психологиялық ерекшелігін, дарыны мен қабілетінің деңгейін білу үшін қажет. Бұрын психологтар мұндай әдістерді орыс авторларынан алатын. Оны өздері қазақ тіліне аудара алмайды, себебі әдістемені аударудың өз тәртібі бар. Диагностика орысша жүргізілген соң, бала оны түсінбейтін. Нәтижесі де 100 пайыз дұрыс деп айта алмаймыз. Бүгінгі күні жетістігіміз – 25 әдіс қазақ тілінде әзірленді.  Бұл әдістердің барлығы апробациядан өтті. Еліміздің барлық өңірінен 1400 оқушы қамтылды», – деп қосты  кафедра меңгерушісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама