×

Сотта «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС жеңілді

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 15.06.2023 | 13:56
фото: ашық дереккөз

Павлодар облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Екібастұз қаласы әкімінің «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не келтірілген шығынды өндіру туралы талабы бойынша азаматтық істі қарап (азаматтық іс № 5501-23-00-2/736), кәсіпорыннан қала бюджетінің пайдасына 22 170 308 теңге көлеміндегі материалдық шығынды өндіріп берді.

Облыс бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр Екібастұз әкімдігі «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не жыл соңында болған апаттық жағдайдың салдарын жоюға 22 миллион 171 мың теңге бөлген еді.  Бұл қаражат апат салдарын жою мақсатында атсалысқан жұмыскерлерді тамақтандыру және орналастырумен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс болатын. Алайда,  жауапкердің кінәсінен ақша мақсатты түрде жұмсалмады.

Былтырғы жылдың 15 желтоқсанында тамақтандыру, орналастыру  және отын қызметтерін жеткізушілермен  мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасалды. Бұның барлығы құжаттармен расталды. Нәтижесінде бюджеттен 22 170 308 теңге бөлінді. 

Кейінірек Екібастұз әкімдігі «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нен бұл ақшаны қайтаруды талап еткен. Істі мамандырылған ауданаралық экономикалық сотта қаралды.  

«Екібастұзжылуэнерго» өкілі соңғы сот отырысында болған жоқ. Ол Астанаға жол жүру себебімен сотты кейінге қалдыруға өтініш білдірген. Бірақ растайтын құжаттарды ұсынған жоқ және онлайн түрде қатысудан бас тартты. Сот бұл әрекетті құрметтемеушілік (негізсіз) деп танып, істі кәсіпорынның өкілінсіз қарады. Оның қорытындысы бойынша кәсіпорыннан қала бюджетінің пайдасына материалдық шығын ретінде – 22 170 308 теңге алынатын болады, – делінген Павлодар облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының хабарламасында.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама