×

Елімізде 16 мыңнан аса көпбалалы отбасы мемлекеттен грант алды

Келісімшарттарға қол қою және қаражат аудару процесі жалғасып жатыр

 Динара Амантай 13.06.2023 | 10:41
Фото: opennews.kz

Елімізде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 16 мыңнан аса көпбалалы отбасы мемлекеттен грант алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 мың 600 грант берілген. 2023 жылы барлығы 9 мың грант беру жоспарланып отыр.

2023 жылғы 15 мамырдан бастап 26 мамырға дейін гранттардың екінші легі аясында өтінімдер қабылданды. Бүгінде үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия өз жұмысын аяқтады. Келісімшарттарға қол қою және грант алушыларға қаражат аудару процесі жалғасып жатыр.

Гранттардың екінші легі шеңберінде үміткерлерден барлығы 26,9 мың, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 16,1 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 4,8 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 3,3 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 1,3 мың өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған 1,1 мың адам, 91 қандас және 272 қоныс аударушы өтініш берді.

Өтінімдердің ең көп саны Түркістан (6,1 мың) және Жамбыл (3,1 мың) облыстарының (6,1 мың) және Шымкент қаласының (2,9 мың), ең аз саны Ұлытау (210) және Ақмола (324) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру критерийлер бойынша толтырады.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

Комиссияның шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер банктік деректемелерді ұсынып, шартқа қол қояды. Одан кейін тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама