×

Жарылғыш зат туралы жалған хабар берген оқушы сотталды

Бала өз кінәсін мойындады

 Динара Амантай 13.06.2023 | 09:55
Фото: polisia.kz

Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соты жарылғыш зат туралы жалған хабар берген оқушыға үкім шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2022 жылдың мамыр айында Ақтөбе облысы полиция департаментінің электрондық мекенжайына жоғары оқу орындарының ғимараттарына жарылғыш құрылғылардың қойылғаны туралы хабарлама түскен. Аталған мекенжайларға дереу барлық шұғыл қызметтер, саперлар мен қызметтік иттерімен кинологтар жіберілді. Оқу орындарының персоналы мен оқушылары эвакуацияланды. Тексеру барысында жарылғыш заттар табылған жоқ.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде 10-сынып оқушысын анықтады. Оқушы өз кінәсін мойындап, түсініктеме берді. Полицейлер компьютерді тәркіледі.

Сонымен қатар, оқушы осындай электрондық хатты Көкшетау қаласына да жолдап, үш сот ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлағаны анықталды.

Осы жылдың мамыр айында Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сотымен үкім шығарылып, кәмелетке толмаған күдікті кінәлі деп танылды. Оған қатысты 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама