×

ШҚО-да қос азаматтығы бар 20 адам жауапқа тартылды

Олардың үшеуі сот шешімімен ел аумағынан тыс жерлерге шығарылған

 Динара Амантай 08.06.2023 | 16:26
Фото: polisia.kz

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтығы бар 20 азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, шетел азаматтығын алғаннан кейін құжаттарды уақтылы тапсырмағаны үшін 13 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың үшеуі сот шешімімен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылған.

Мамырда көші-қон қызметінің қызметкерлері өткен жылдың шілдесінде басқа елдің азаматтығын алған Риддер қаласының тұрғынын анықтады. Алайда ол туралы ҚР заңнамасында белгіленген мерзімде хабарламаған және Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын мемлекеттік органдарға тапсырмаған. 29 мамырда Риддер қаласы әкімшілік сотының шешімімен шетелдік әйел Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарылды.

ШҚО ПД көші-қон қызметі ҚР Конституциясына сәйкес, елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін және көші-қон заңнамасын сақтауды еске салады. Бұзушылық болған жағдайда азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабы («Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда 100-200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама