×

Павлодар облысында жол апаты кезінде жолаушы көліктен ұшып кеткен

Жүргізушіге айыппұл салынды

 Динара Амантай 08.06.2023 | 10:53
Фото: polisia.kz

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 1 маусымда Ленинск – Курчатов автожолының 140-шақырымында Май ауданы Жұмыскер ауылының маңында жол апаты болған. Онда 40 жастағы жүргізуші Toyota ranner көлігін басқара алмай, кюветке аударылды. Апат салдарынан жүргізуші мен жолаушы зардап шекті. Полиция анықтағандай, көліктің жүріс бөлігінде ақаулар болған.

Автокөлік аударылып, кюветке құлады. Ал қауіпсіздік белдігі бекітілмегендіктен, жолаушы көлік терезесінен ұшып кетті. Осы факті бойынша 40 жастағы жүргізушіге қатысты техникалық регламенттердің талаптарына жауап бермейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін және қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. 8 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы Май ауданы полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Жұмабаев.

Айта кетсек, жыл басынан бері барлығы 3 мыңнан аса жүргізуші көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық қатысушылардың жолда мұқият болуы және жол қозғалысы ережелерін сақтау, жүргізушілерге, әсіресе алыс жолға шығу кезінде автокөлікке техникалық тексеру жүргізуі қажет екенін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама