×

Министрлік барлық мемлекеттік балабақшаны қазақтілді еткелі жатыр

Оны ұйымдастыру ешқандай қиындық тудырмайды деп ойлаймын, - деді Ғани Бейсембаев

 Еркеғали Болатұлы 06.06.2023 | 14:05
фото: kazgazeta.kz

Елдегі барлық мемлекеттік балабақшаларды мемлекеттік тілге ауыстыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, елімізде бүгінде 11 мыңнан аса балабақша бар. Оның тең жартысы мемлекеттік екен. Енді сол мектепке дейінгі білім беру мекемелері түгел дерлік мемлекеттік тілге көшірілмек.

Динамика бойынша қазақ тіліндегі балабақшалардың қажеттілігі, сұранысы бар. Оны біз көріп отырмыз. Сондықтан бүкіл мемлекеттік балабақшаларды мемлекеттік тілде жүргізу мәселесін толыққанды іске асыруға болады деп есептейміз. Қазір бұл бойынша мектепке дейінгі білім департаменті айналысып жатыр.

Яғни қанша балабақша қай тілде дәріс беретіні және осы тапсырманы қалай орындауға болатыны турасында жұмыстар пысықталып жатыр. Мемлекеттік тілде дәріс беретін балабақшаны ұйымдастыру ешқандай қиындық тудырмайды деп ойлаймын», - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама