×

Қару-жарақтың тәркіленуі: Павлодар облысында жеті басшы жазаланды

80-ге жуық қару заңсыз айналымнан алынды

 Халық үні 21.04.2022 | 10:00
фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында заңсыз айналымнан 78 қару алынды.

«Қару» жедел алдын алу іс-шарасы барысында жұмыс топтары заңсыз сақталған қаруды анықтау бойынша 1 362 рейдтік іс-шара өткізді. 953 шаруа қожалығы мен мал жайылым учаскелері тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша, заңсыз айналымнан 78 бірлік қару алынды. Оның ішінде: тегіс ұңғылы – 44, оның 10-ы кесінді, ойық ұңғылы – 4,  электрлік – 13, газды – 15, травматикалық қару– 2, сондай-ақ 4 граната және 523 жарылғыш зат, – дейді полиция.

Тіркелмеген қаруды сақтау және алып жүру фактілері бойынша ӘҚБтК-нің 482-бабы (жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленуі, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша 62 заң бұзушы әкімшілік жауапқа тартылды. Тәртіп сақшылары қару айналымы саласында 115 заңды тұлға мен Екібастұз және Павлодар қалаларындағы 2 мамандандырылған дүкенді тексерді. Жіберілген заң бұзушылықтар үшін 7 басшы жазаланды. Павлодар өңірінде тұрғылықты жері бойынша барлығы 9 534 жеке қару иесі тексерілді.

«Айта кету керек, барлық қару иесі ережелерді қатаң сақтамаған. Тексеру нәтижелері бойынша, 353 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде азаматтық, қызметтік қаруды, оның патрондарын сақтау, пайдалану немесе тасымалдау қағидаларын бұзған тұрғындар ӘҚБтК-нің 484-бабы (азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан аумағына әкелу, Қазақстан аумағынан әкету және Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу) бойынша (267 факт) әкімшілік жауапқа тартылды. Ал 86 қару иесі азаматтық және қызметтік қаруды тіркеу, қайта тіркеу мерзімі мен тәртібін немесе есепке қою тәртібін бұзған. Әрқайсысына қатысты ӘҚБК-нің 486-бабы (азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) бойынша әкімшілік материал жасалды», – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.

Аталған заң бұзушылықтарға жол берген тіркелген қару иелерінен 398 қару тәркіленді. Сонымен қатар заң бұзған қару иелері мамандандырылған оқу орталықтарына қайта даярлауға жіберілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама