×

Павлодарда жол апатынан 2 адам қаза тапты

Сотқа дейінгі тергеу басталды

 Динара Амантай 30.05.2023 | 14:44
Фото: ашық дереккөз

Павлодар қаласының полициясы бірнеше жол апаттары бойынша тергеуді бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 28 мамырда сағат 23:20-да Ленин – Курчатов тас жолында Еңбек ауылының маңында Lexus RX-330 көлігі қарсы келе жатқан Камаз-5410 көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан Lexus RX-330 қарсы жолақ арқылы шұңқырға аударылып кеткен.

Lexus көлігінің 36 жастағы жүргізушісі мен 36 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Көліктер автотұраққа қойылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Павлодарда сағат 05:20-да Айманов – Олжабай батыр көшелерінің қиылысында Toyota Camry-70 көлігінің 33 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, жол жиегіне соғылып, аударылып кеткен. Оқиға салдарынан жарақат алған 26 жастағы жолаушы ауруханаға жатқызылды. Көлік тұраққа қойылды. Сараптама нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізушіге қатысты бұлтартпау шарасы – қамауға алу таңдалды.

Полицейлер жыл басынан бері облыс жолдарындағы жол-көлік оқиғалары бойынша 82 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 345-бабымен – 55, 345-1-бабымен – 3, 346-бабы бойынша 24 дерек тергелген.

Айта кетейік, биыл павлодарлық полиция қызметкерлері көлік жүргізушілердің мас халде көлік жүргізген 459 оқиғасының жолын кескен. Барлық тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама