×

Әлеуметтік желіні бұғаттау туралы заң жобасы президентке жолданады

Бұл заң жобасы елімізде «Сарым-Закиева бастамасы» аталып кеткен

 Айнұр Шошаева 20.04.2022 | 10:55
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда «әлеуметтік желілерді бұғаттау» немесе «Сарым-Закиева бастамасы» аталып кеткен заң жобасы мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі. Бүгін мәжіліс аталған заң жобасына сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмилә Нұрманбетова таныстырды. Депутат сенат түзетулері балаға зиян келтіретін, тыйым салынған ақпаратты таратуға жол берген интернет ресурстармен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігін өзгертуге бағытталғанын атап өтті. 

Сенат депутаттары БАҚ саласындағы уәкілетті органға балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу тәртібін айқындау құзыретін берді. Сондай-ақ кибербуллинг фактілерін интернет ресурстарына қол жеткізуді тоқтатуға негіз болатын заңмен бекітуді ұсынды, - деді Нұрманбетова. 

Бұған қоса заң жобасынан уәкілетті органның тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу тәртібін айқындау жөніндегі құзыреті алынып тасталғанын айтты. 

«Тұтастай алғанда сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулар мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Қазақстан Конституциясының 61-бабы 5 тармағына сәйкес, әлеуметтік даму комитеті сенат енгізген өзгертулер мен толықтырулармен келісуді ұсынады», - деп толықтырды мәжілісмен. 

Атап өтсек, 2022 жылғы 9 наурызда мәжіліс аталған заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады. Алайда 14 сәуірде сенат «Кибербуллинг туралы» заңның резонанстық жобасын мәжіліске қайтарды.

«Сарым мен Закиеваның түзетуі». Қазақстандықтар цензураға қарсы петиция жариялады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама