×

Сенат «Сарым мен Закиеваның түзетуі» аталып кеткен заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Министрліктің әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндігі болмайды

 Айнұр Шошаева 14.04.2022 | 11:23
коллаж: Halyq Uni

Бүгін Сенат депутаттары халық арасында «Сарым мен Закиеваның түзетуі» деген атпен танылған заң жобасын қарап, құжатты Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы қоғамда белсенді түрде талқыланғанын атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге қатысты жолдарын алып тастады.

Сенаторлардың ұсынысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге немесе тоқтатуға мүмкіндігі болмайды. Тек балаға қатысты кибербулинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға болады.

«Сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктерді алып тастады. Соған сәйкес онлайн-платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуға мүмкіндік береді деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Осылайша, заң жобасының осы және басқа да бірқатар өзгерістері Мәжіліс депутаттарының қарауына жіберілді. Бұған дейін шетелдік әлеуметтік желілердің ресми өкілдіктерін Қазақстанда міндетті түрде ашу туралы норма да жойылған болатын.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның мыңдаған азаматы Сенат пен Президентті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдаудан бас тартуға шақырып, петиция жариялады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама