×

Әр мектепке 250 млн теңге: «Қазақстан халқына» қоры ауыл мектептеріне қаржы бөледі

63 мектеп қосымша қаржыландыруға ие болады

 Айнұр Шошаева 24.05.2023 | 11:21
Фото: Halyq Uni

Биыл елімізде 63 тірек мектептің әлеуеті артады. «Қазақстан халқына» қоры әр мектепті заманауи құралдармен жабдықтауға 250 млн теңгеден бөледі, деп хабарлайды Halyq Uni

Былтыр халықтық қор 17 мектепті жабдықтауға қаржы бөлген. «Білімді тұрақты дамыту қорының» директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, ауылдағы мектептерді дамыту жобасы 13 мың оқушыны қамтыды. 

Яғни он үш мың бала қаланың өзінің құрдастарымен тең жағдайда сапалы, әдемі және де толық қамтылған мектептерде оқуға мүмкіндік алып жатыр. Бұл жоба серіктестер мен мемлекеттік органдардың бірлескен жетістігі деп білеміз. Қазақстан халқына қоры әр мектепке 250 млн теңге бөліп жатыр. Былтыр 17 мектеп 4 250 млн теңгемен қамтылды. Бұл дегеміз 602 стем кабинеттер, оқу пәндерінің кабинеттері, арт студиялар. Үлкен қаражат деп байбалам салатындарды да көрдік. Айтарым әр оқушыға шаққанда 320 мың теңгеден аспайды. Баланың тағдыры мен болашағы үшін өте шамалы, аз қаражат, – деді ол. 

Айта кетейік, бұл жобаға Назарбаев зияткерлік мектебі де қатысып жатыр. ол «Ауыл мектебі» жобасы аясында 1300-ден аса ауыл мұғалімін оқытып, соның нәтижесінде 17 тірек мектептің оқушылары NIS әдістемесімен білім алып жатыр. Жыл соңына дейін тағы да 63 мектепті әдістемелік қолдау жоспарланып отыр. 

«Назарбаев зияткерлік мектебі де, біздің Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры да бұл қаражатты пайдаланбайды және өзінен өткізбейді. Бұл қаражат тек қана ауыл мектептерінің жаңаруына жұмсалады. Осыған орай, жобаның операторын, операциялық шығындарын қамтамасыз етіп жатқан «Айтас» холдингін де атап өткен жөн», – деп қосты ол. 

Сондай ақ Данияр Тоқтарбаев ауыл халқының үдере көшуіне алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, бұл көшті ауыл балаларына сапалы білім беруді қамтамасыз ету арқылы тежеуге болады. 

«Бізді алаңдатқан мәселе ол бүгінде ауылдан көшіп жатқан халық. Ауылдан адам неге көшеді? Денсаулық сақтау саласы, жұмыссыздықпен қатар баланың болашағы не болады деп ойлайды. Баланың болашағы бүгінгі күні біліммен тікелей байланысты. Бұл жобаға қатысып жатқан мектептегі әрбір ұстаз, зертхана меңгерушілері, балалардың бапкерлері тек қана балаларды оқытпай, сонымен қатар Қазақстанның әрбір дамуына, ауылдан халықтың мәжбүрленіп көшпеуіне үлкен үлесін қосып жатыр. Халықтың түсінігінде өкінішке орай «қаланың ұстазы білікті, ауылдың ұстазы біліксіз» деген түсінік бар. Биыл жобамызға 1500 ұстаз қатысты. Осы ұстаздардың барлығы Назарбаев зияткерлік мектебінің интенсивті 1200 курсынан өтті. Осы курстардың және ұстаздардың жасаған жобаларының нәтижесін көріп «ауылдың ұстазы біліксіз» деген түсініктің қате екеніне көз жеткізіп жатырмыз», – деді ол.

Сонымен қатар спикер тірек мектептер жобасы бүгінде ұлттық сипатқа ие бола бастағанын атап өтті. 

Ауылдың ұстазының біліктілігі кем емес, тек ол қажетті ресурстарға мұқтаж дегім келеді. Мүмкіндік берсе балалармен бірге республикалық және халықаралық сайыстарда топ жаруға дайын. Биыл ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыруға қосымша 63 мектеп қатысқалы отыр. Бұл дегеніміз 6 мың ұстаз, 45 мың оқушы және шамамен 80 мың ата-ана. Яғни біздің жобамыз ұлттық сипатқа ие болып жатыр, – деді Данияр Тоқтарбаев.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама