×

Абай облысында балабақша есепшісі өзіне заңсыз ақша аударып отырған

Сотқа дейінгі тергеу басталды

 Динара Амантай 23.05.2023 | 09:27
Фото: egemen.kz

Абай облысында балабақша есепшісі екі жыл ішінде 3 млн теңгені өзіне заңсыз аударған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Семей қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен бірлесіп, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған 200-ге жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының басшылары, бухгалтерлер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Рүстем Тоқбергенов жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың аралық нәтижелерін келтіріп өтті.

Біз іріктей отырып, облыстың 6 ауданындағы 10 орта және 4 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметін талдаумен қамтыдық. Бұл білім беру мекемелерінің тек 3,2% ғана, ал облыс бойынша олардың жалпы саны – 432. Осы уақытта белгілі болған мәліметтерге тоқталып өтейін. Мысалы, Жарма ауданының «Алтынай» балабақшасының бухгалтері өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, жеке шотына бюджет қаражатын аударып отырған. Ай сайын мөлшері 20 000 теңгеден 100 000 теңгеге дейін ауытқитын 5-9 аударым жасалған. Екі жыл ішінде заңсыз аударымдар 3 млн теңгені құрады. Аталған ауданның «Мейірім» спорттық лагері бойынша да ұқсас жағдай орын алған. Ұйым бухгалтері басшының электрондық кілтін пайдаланып, жұмысын үйде атқарып отырған. Келтірілген залалдың алдын ала көлемі 3.1 млн теңге болды. Қазір аталған екі факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Рүстем Тоқбергенов.

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне және цифрлық технологияларды қолдана отырып шешу жолдарына тоқталып өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша білім беру саласындағы қазіргі жағдайды өзгертуге қатысты кешенді шаралар қолдану туралы шешім қабылданды. Ол білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу және қаржылық тәртіпті күшейтуге катысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама