×

Жетісу облысында есірткі қойып кетуші 10 жылға сотталды

Тінту кезінде 2,5 келіден аса түрлі синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді

 Динара Амантай 18.05.2023 | 17:53
Фото: polisia.kz

Жетісу облысында есірткі қойып кетуші 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 25 жастағы есірткі сатушы бірнеше ай бұрын Көксу ауданында Алматы-Өскемен автожолында ұсталған. Жеке тексеру, сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту кезінде 2,5 келіден аса түрлі синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді. Ұсталған азаматтан әртүрлі буып-түйгіш материалдар, таразылар, зип-пакеттер және т.б. табылды.

Белгілі болғандай, жас жігіт желіде синтетикалық есірткіні қойып кетуші ретінде «жұмыс істеп», оны Талдықорған қаласы мен соның маңында сатқан.

Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен күдікті ҚР ҚК-нің 297-бабы үшінші бөлігінің 1, 2, 3, 5-тармақтарында («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде өтейді, – деді Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Биыл облыстық полиция қызметкерлері есірткі қылмысына қатысты 60 күдіктіні ұстап, заңсыз айналымнан 30 келіден аса түрлі есірткіні тәркіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама