×

Қарағанды облысында жол апатынан мотоцикл жүргізушісі көз жұмды

Өңірде мотоцикл жүргізушілері тарапынан құқықбұзушылыққа жол беру жағдайлары жиі кездеседі

 Динара Амантай 15.05.2023 | 13:55
Фото: polisia.kz

Қарағанды облысында жол апатынан мотоцикл жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 13 мамырда сағат 23:00 шамасында Есенгелді-Қарағанды тас жолында Honda мотоциклінің 35 жастағы жүргізушісі 30 жастағы жүргізушінің басқаруындағы ВАЗ 21014 автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан мотоцикл жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды.

Өңірде мотоцикл жүргізушілері тарапынан құқықбұзушылыққа жол беру жағдайлары жиі кездеседі. Мысалы, 13 мамырда сағат 22:00 шамасында Қарағанды облысы, Құлайғыр ауылының маңында Абай аудандық ПБ патрульдік полиция взводының қызметкерлерімен мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мотоцикл тоқтатылған. 29 жастағы жүргізуші көлігіне мемлекеттік нөмір тақпағанға қарамастан, мотоциклді ішімдік ішіп алып басқарғаны анықталды.

Құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі, 590-бабының 2-бөлігі, 593-бабының 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Соттың шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды.

Сондай-ақ Шахтинск қаласында сол күні сағат 15:00 шамасында 16 жастағы қала тұрғыны көпқабатты үйлердің ауласында ИЖ Юпитер 3 мотоциклін басқару кезінде жол қауіпсіздігі ережелерін ескермей, 3 жастағы баланы қағып кеткен. Салдарынан жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қарағанды облысының полиция департаменті мотоцикл жүргізушілерін жол жүру ережелерін қатаң сақтап, сақтандыру киімдерін киіп жүруге шақырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама