×

Астанада «комфорт» санатты үйдің сапасыз құрылысына тұрғындар наразы

Кемшіліктері көзге ұрып тұрса да комиссия қабылдау актісіне қол қойған

 Ербол Тұрымбет 15.05.2023 | 10:06
Коллаж: Halyq Uni

Елордада тағы бір тұрғын үйдің құрылысы аяғына жетпей жатып дауға қалды. Құрылысы толық бітпесе де қабылдау комиссиясының неге актіге қол қойып жібергені белгісіз. Ал көзге ұрып тұрған кемшіліктеріне қарағанда мәселеге құзырлы органдардың араласу қажет секілді.

Мәселені басынан айтқанда, Астананың А91 және А242 көшелерінің қиылысында орналасқан «Жұлдыз» тұрғын үй кешенінің тұрғындары базынасын айтып, «Әділдік жолы» РҚБ-не жүгінген.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, олар пәтерлерін 2021 жылы сатып алған. Үйді салып беретін «Aman Building Company» ЖШС 2022 жылдың ары кетсе үшінші тоқсанында пайдалануға береміз деп уәде еткен.

Уәделі сөз уақытынан көп кешігіп орындалғанымен, «комфорт» санатта салынуға тиіс болған үйдің жағдайы түптеп келгенде «экономға» да жетпей қалған.

Қазір тұрғын үй кешенінің құрылысы толық аяқталмағаны былай тұрсын, құрылысының өзі сапасыз шыққаны өз алдына үлкен әңгіме болғалы тұр. Себебі, кемшілігі өте көп. Әсіресе, төменгі қабаттағы есік-терезелердің әлем-жәлем қалпында қалғаны еш ақылға сыймайды. Ал үйдің айналасын абаттандыруға келгенде тіпті құрылыс компаниясы жұмысты сол жерде тоқтата салғанға ұқсайды. Оның бәрі тұрғындар түсірген суреттерде анық көрініп тұр.

Тіпті, айтуларына қарағанда, құрылыс компаниясы келісімшартта да құйтұрқылыққа басқан. Мәселен, келісімшартты бұзған жағдайда, салған ақшаның 50%-ын ұстап қалады. Оның үстіне, пәтерлерін «7-20-25» бағдарламасымен алғандықтан жаңа ереже бойынша енді екінші қайтара ол бағдарламаға қатыса алмайды. Әдетте құрылыс біткеннен кейін оның кепіл мерзімі болады. Ал бұл жағдайда құрылыстың өзі ұзаққа созылып кеткендіктен, кепіл мерзімінің де жартысы өтіп кеткен.

Ең өкініштісі, осындай жағдайдағы үйді 2022 жылдың 23 желтоқсанында комиссия қабылдап алған. Актіге тапсырыс беруші «Aman Building Company» ЖШС директоры мен техникалық қадағалаушы «Астана-Технадзор» ЖШС директоры, аттестатталған сарапшы және авторлық қадағалау «ВИТАЛ-НС» ЖШС директоры мен құрылысты салушы мердігер «Stroyteh-2030» ЖШС басшысы қол қойған.

Осы жайттарды ескере келе, қоғамдық ұйым өкілдері комиссия мүшелері қабылдау актісіне «Жұлдыз» ТК-ға бармай-ақ қол қойып жіберген деген байламға келіп отыр.

Ал пәтер сатып алған тұрғындар үйді орасан олқылықтарына қарамастан қабылдап алған қабылдау комиссиясының мүшелерін қатаң жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама