×

Журналистер қарулы қақтығыста жұмыс істеу үшін дайындықтан өтуі мүмкін

Жыл басынан бері БАҚ өкілдерінің жұмысы қаралып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 11.05.2023 | 17:13
Фото: ашық дерекөз

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Сенат депутаттарының сауалына жауап ретінде «Әскери дискурс» атты экстремалды журналистика бойынша оқу-практикалық семинар өткізуді ұсынды.

Қорғаныс министрлігі азаматтардың 1 айдан 3 айға дейінгі мерзімге әскери борышын өтеу туралы жіберген сауалдарыңызды қарады. Қорғаныс ведомствосы Қарулы Күштердің жағымды жақтарын қалыптастыру және насихаттау мақсатында ақпараттық жұмыспен айналысып келеді.  Жыл басынан бері Қарулы күштер туралы 6 369 ақпараттық материал жарияланды, – деді Руслан Жақсылықов.

Astana телеарнасының хабарлауынша, азаматтарды мерзімді әскери қызмет өткеру шарттарында әскери қызметке қабылдау мәселесін іске асыру үшін мына нәрселер қажет:

1) «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңға, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы №124 Жарлығына, «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы №620 қаулысына оларды әскерге шақыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

2) «блогер» статусын беру тәртібін айқындау;

3) осы мәселені қаржылық қамтамасыз ету;

4) азаматтарды жауынгерлік даярлау, оның ішінде оларды әскери антқа келтіру бағдарламасы;

5) қатардағы жауынгер бос лауазымдарына тағайындау;

6) тамақтандыруды ұйымдастыру, киім-кешек мүлкімен және жабдықпен қамтамасыз ету;

7) оларды орналастыру үшін бос тұрмыстық-казармалық қордың болуы және т.б.

ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес Заң мен сот алдында жұрттың бәрі жауапты. Ешкімді ешқашан кемсітуге болмайды. Осыған байланысты республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің және блогерлердің қатысуымен «Әскери дискурс» экстремалды журналистика бойынша оқу-практикалық семинар өткізуді ұсынамыз, - деді министр.

Қорғаныс министрлігінен белгілі болғандай, семинардың мақсаты – журналистер мен блогерлерді экстремалды жағдайда және қаруланған қақтығыс аймағында жұмыс істеуге дайындау. Оқыту кезінде қатысушылар тәжірибелі әскери мамандардан пайдалы білім және практикалық дағды алады. Осындай форматтағы іс-шара бейресми жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама