×

Өңірлік кадр резерві қашан іске қосылады

Бүгінге дейін Президенттік жастар кадр резервіне 350 резервші қабылданған

 Ая Өміртай 02.05.2023 | 12:20
Коллаж: Halyq Uni

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуді 2019 және 2021 жылдары арасында өткізіп, бүгінге дейін 262 резервші түрлі лауазымды қызметке тағайындалған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған 350 резервшінің 262-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының әртүрлі лауазымдарына тағайындалған. Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органдарға – 129, жергілікті атқарушы органдарға – 37, ұлттық компанияларға – 51, өзге және жеке ұйымдарға – 45. Оның ішінде саяси лауазымдар – 30, «А» корпусының лауазымдары – 6, Парламент Мәжілісінің депутаты – 1, облыстық мәслихаттың депутаттары – 2.

Ал 2023 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің бағдарламасында өзгерістер бар ма деген сауалымызға агенттіктің баспасөз қызметі былай деп жауап берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап «ПЖКР 3.0» Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу жүргізу жоспарлануда. ПЖКР қалыптастырудың мақсаты – алдағы реформалардың локомотивіне айналатын еліміздің талантты және неғұрлым кәсіби даярланған жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру. Іріктеу құралдары персоналды іріктеу бойынша үздік әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, бірінші кезекте қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жаңа формацияның көшбасшыларын анықтауға бағытталған, – дейді баспасөз қызметі. 

ІРІКТЕУ 6 КЕЗЕҢНЕН ТҰРАДЫ

Агенттіктің хабарлауынша, резервке іріктеу мынадай 6 кезеңнен тұрады:

  1. кандидаттардың құжаттарын қабылдау;
  2. мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
  3. ситуациялық тапсырмаларды шешу;
  4. құзыреттерді бағалау;
  5. сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу, бұл салалық мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын Салалық комиссия;
  6. сарапшылық комиссия ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссия отырысында резервке алу үшін қарау.

Резервке іріктеу кезеңдері алдыңғы іріктеу сияқты ақпараттық жүйені пайдалана отырып өткізілетін болады. Бұл кандидаттарға әлемнің кез келген нүктесінен қашықтықтан (онлайн) қатысуға мүмкіндік береді, өз кезегінде «құзыреттерді бағалау» және «сарапшылық комиссиядағы әңгімелесу» кезеңдері офлайн форматта өткізілуіне байланысты жеке қатысу қажет.

Алдағы іріктеудің ерекшелігі салалық мемлекеттік органдардың қажеттіліктеріне негізделетін болады.

ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВІНІҢ ТАЛАПТАРЫ

Өңірдегі жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтті қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы өңірлік кадр резервін қалыптастыруды тапсырған. 

Осы тапсырманы орындау үшін сәйкесті Президент Жарлығының жобасы әзірленген. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар ретінде 35 жастан аспайтын жас шектеуін, жоғары білімінің, сондай-ақ кемінде 3 жыл жұмыс өтілінің болуын айқындау ұсынылады.

Өңірлік кадр резерві жобасы өңірлердегі жастарды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервіне алынған адамдар жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігі қарастырылған, – деп жауап берді агенттіктің баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама