×

Шахтинскіде полицейлер 5-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды

Ол мұндай әрекетке жолдасымен арада болған ұрыстан кейін барған

 Динара Амантай 02.05.2023 | 11:55
Фото: polisia.kz

Шахтинскіде полицейлер 5-қабаттан секірмек болған тұрғынды құтқарып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше сағат 14:00 шамасында Қарағанды облысы Шахтинск қалалық ПБ-ға көпқабатты үйдің 5-қабатынан бір әйелдің секірмек болып тұрғаны туралы хабарлама түскен. Тез арада оқиға орнына патрульдік полиция взводының инспекторлары Дулат Ситахметов пен Ерназ Өскенбай жетті.

Әріптесім екеуміз бесінші қабаттың дәлізіндегі терезеде отырып, «өмір сүргім келмейді» деп айқайлаған әйелді көрдік. Терезенің жақтауы қысқа болғандықтан, егер ол ретсіз қозғалыс жасаса, қайғылы жағдайдың болу қаупінің алдын ала алмас едік. Сондықтан мен сыртта қалып, әйелдің құлап кеткен жағдайында қауіптің алдын алуға дайындалып тұрдым. Ал Дулат сатымен ішке көтеріліп, тұрғынды әңгімеге тартты. Оған бәрі жақсы болатынын, эмоцияға берілмеу керектігін барынша айтып, түсіндірді. Терезе қысқа болғандықтан әйелге жақындау қиындық тудырды. Бір кезде Дулат оның қолын созуға көндіріп, кейін бірден шап беріп, ішке тартып алды, – деді Ерназ Өскенбай.

Әйел мұндай әрекетке жолдасымен арада болған ұрыстан кейін барғанын айтты. Полиция қызметкерлері оны психолог дәрігерлерге тапсырып, қызметін жалғастырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама