Мемлекеттік айыптаушы Назарбаевтың экс-келіні Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға соттауды сұрады
Астанада Назарбаевтың экс-келіні Гүлмира Сатыбалдағы қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 25 сәуірде өткен сот отырысында жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзов Сатыбалдының қалай әрекет еткенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Адам ұрлау және өзінше билік етуге қатысты іс екі айға жуық уақыттан бері жалғасып жатыр. Ал мен көрген азап пен уайым шамамен бес жылға созылды. Мұның бәрінің артында Сатыбалдының заңсыз әрекеттері тұр. Оның барлық әрекеті бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдының басшылығымен жасалды. Шын мәнінде ешқандай дефолт болған жоқ және оның бәрі қолдан жасалды. Сатыбалды компанияны дефолт жағдайынан шығарудың себебін ойлап тауып, өзіне ешқандай қатысы жоқ компанияны «құтқаратынын» айтты. Осылайша өзін қазақстандық компанияларға көмектесетін қамқор әйел сияқты көрсетіп отыр. Алайда ол менен, яғни компания құрылтайшысынан және ірі акционерден көмек алғың келе ме деп сұрамады. Сол арқылы қазақстандық бизнес қоғамдастық алдында менің беделімді түсірді», - деді Тұрсенғали Алагөзов.
Жәбірленушінің айтуынша, Сатыбалды өз әрекеті арқылы оның кәсіпкер әрі адам ретінде беделін түсірген. Сондай-ақ Алагөзов Сатыбалдының қалай әрекет еткенін айтты.
Мысал ретінде айтсақ, азамат 10 млн теңгеге пәтер алып, ипотека рәсімдейді. 1 млн теңге қарызы қалған кезде ішкі жанжалды пайдаланып, 100 мың теңге салатын адам пайда болады. Артынша пәтер сол адамның атына жазылады. Содан кейін өзін пәтердің иесі деп жариялап, пәтердің негізгі иесін қуып шығады. Маған және Сатыбалдыға қатысты істе дәл солай болды. Кейінгі екі жылда сотталушының тарапынан моральдық қысымға тап болдым, ол мені нашар кәсіпкер деп атаған еді, - дейді Алагөзов сотта.
Оның сөзінше, Гүлмира Сатыбалды сот процесі барысында да Алагөзовтің ар-намысына тиген.
Ол әлі күнге дейін басқа адамның бизнесін тартып алып, оны әрекеті мен сөзі арқылы ар-намысына тиюге болады деп санайды. Ол әлі күнге дейін не болып жатқанын түсінбей, өзінің кінәсін мойындамай отыр. Себебі оның орнында ұяты бар адам кешірім сұрайтын еді..., - деді Алагөзов.
Сондай-ақ ол Сатыбалдымен компаниясын сатып алу туралы әңгімелескенін айтты.
«Айгүл Мекешеваға (іс бойынша екінші жәбірленуші) көмектесу арқылы Сатыбалдының әрекетін әшкерелегім келді. Ерте ме, кеш пе билік ауысады, оны тарих көрсетіп отыр. Танымал арналардың бірінде видео шыққан соң Сатыбалды маған телефон арқылы хабарласты. Олар бұл жанжалды басып, маған өз компаниямды сатып алуды ұсынып, кездесуге шақырғысы келді. Мен кез келген мүмкіндікке жармасып, келісімге келдім. Кейін олардың маған компанияны 10 млн доллар төлесем де сатқысы келмейтіні белгілі болды. Айгүл Мекешова Сатыбалдының ашкөздігінің құрбаны болды. Гүлмира Сатыбалдының үйінде бір рет болдым, әңгіме компанияны сату жөнінде өрбіді», - дейді ол.
Соттағы сөзінде Тұрсенғали Алагөзов Гүлмира Сатыбалдыға қатаң жаза беру қажет екенін айтып өтті.
Сот процесі басталған кезде Гүлмира Сатыбалданы кешіргім келді, бірақ оның соттағы мінез-құлқына қарап, ол қатаң жазаға лайық деп санаймын. Болашақта ықпалды кландар әділдік пен заң бәріне ортақ екенін түсінуі керек, - деді ол.
Сондай-ақ ол азаматтық талап-арыз ретінде соттан өзіне тиесілі 43,25% акцияны қайтаруды сұрады. Айтуынша, бұл АҚ жұмысын жалғастыру үшін қажет. Ал моральдық шығын ретінде 35% акцияны өндіруді сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға соттауды сұрады.
ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫ ІСІ
Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағында (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.
Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Жауап алу барысында адвокат Әсемгүл Даниалова Гүлмира Сатыбалдыдан «Алагөзов сізге қандай айып таққанын көріп отырсыз. Алагөзовтің өзімен және бұрынғы әйелімен қалай танысқаныңызды айтып берсеңіз», деп сұрады.
«Алагөзов мен рейдерлік жасады деп айыптап отыр. Ол мені компаниясын тартып алды деп айыптады. Моральдық шығынды неге екені белгісіз 135 млрд теңге деп есептеп отыр. Мен мұндай ақша туралы тіпті мемлекеттік бюджетте де естіген емеспін. Мен секілді Қазақстанның қарапайым азаматында ондай көлемдегі қаражат қайдан болсын? Мен келіспеймін. Ешқандай өзінше билік ету болған жоқ, мен оның компаниясын тартып алған жоқпын», - деп жауап берді Гүлмира Сатыбалды.
Айтуынша, Қайрат Сатыбалдымен ажырасқанына 20 жыл болған.
«2002 жылы ажырастым. Ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Орталық сайлау комиссиясына маман болып жұмысқа тұрдым. Содан кейін Конституциялық кеңесте жұмыс істедім. Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп, Білім министрлігіне ауыстым. Ұлым 16 жасқа толған соң Америкаға кеттім. Ұл-қызымның жақсы білім алғанын қаладым, өзім тілді меңгердім. Қайрат Сатыбалдымен араласпадым деп айта алмаймын. Қарым-қатынаста болдық және одан талап еттім. Әкесі ретінде ол балаларын қамтамасыз етті. Оқуы мен пәтер ақысын төледі, үш баламыз Америкадағы мектепті тәмамдады. Ал жоғары білімді Қазақстанда алды. Олардың лайықты азамат болып өскенін қаладым. Қайрат Сатыбалдының әйелі болып, одан бала тапқаным үшін дәл осылай саяси қудалауға ұшыраймын деп ешқашан ойламаппын», - деді Гүлмира Сатыбалды.
Іс бойынша үш сотталушы бар. Бірі – Гүлмира Сатыбалды, енді бірі – Мәди Батыршаев. Үшінші сотталушы – Рашид Өтебеков. Жәбірленушілердің арасында Айгүл Мекешева мен Тұрсенғали Алагөзов бар.