×

Биыл ресми рұқсатсыз жұмыс істеп келген 32 мектепке айыппұл салынды

Бұл балалардың денсаулығы мен жайлылығына қауіп тудыруы мүмкін

 Динара Амантай 10.04.2023 | 16:16
Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері білім беру қызметіне лицензия алмағаны үшін 32 мектепке айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті білім беру ұйымдарына мониторинг жасап, 40 мектептің лицензиясыз жұмыс істегенін анықтады. Оның ішінде 30 мемлекеттік және 10 жекеменшік мектеп бар.

Лицензиясыз жұмыс істеген мектептердің дені Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Жетісу және Маңғыстау облыстарында. 32 мектепке қатысты әкімшілік іс қозғалып, лицензиясыз қызмет үшін айыппұл салынды. Оның 23-і – мемлекеттік, 9-ы – жекеменшік мектеп.

Лицензияның жоқтығы мектептің сәйкестік тексеруінен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттар тапсырмағанын білдіреді. Оннан аса мектепте санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды және төтенше жағдай актілері жоқ. Бұл балалардың денсаулығы мен жайлылығына қауіп тудыруы мүмкін. 14 мектепте материалдық-техникалық база білім берудің заманауи талаптарына сай келмейді. Оларда білім беру инфрақұрылымы, білікті педагогикалық кадрлармен толық жабдықталмаған, ұйымдастыру жұмыстары да дұрыс жолға қойылмаған. Бұл білім беру сапасына кері әсерін тигізеді, - деді комитеттің Рұқсат беру саясаты басқармасының басшысы Жұлдыз Әуезханова.

Айта кетейік, лицензиясы жоқ мектептер білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, яғни негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды бере алмайды. Лицензиясыз жұмыс істейтін барлық мектептерге қатысты әкімшілік істер қозғалды. Бүгінде аумақтық департаменттерге лицензиясы жоқ мектептерге қатысты тиісті шаралар қабылдау тапсырылып, өңірлердің әкімдіктеріне тиісті хаттар жолданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама