×

Шекарадағы аймақтарда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ушығып тұр – депутат

Ерлан Саиров заңда сепаратизмді насихаттағандарға ауыр жаза қарастырылғанын еске салды

 Дәурен Ерболат 05.04.2023 | 13:01
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Петропавлдағы жағдай туралы айтып, Қазақстанда сепаратизмді насихаттайтындарға ауыр жаза барын еске салды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ерлан Саиров депутатық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловқа, ҰҚК төрағасы Ермек Сағынбаевқа жолдады.

«Петропавл қаласындағы бірқатар азаматтың Қазақстан Конституциясына қайшы келетін мәлімдемелері қоғам арасында резонанс тудырып, бүкіл халықтың мазасын алып жатыр. Бұл оқиға еліміздегі құқықтық сана және қоғамдық процестер саласындағы фундаменталды проблемалардың бар екенін көрсетеді. Азаматтар өздерінің іс-қадамдары үшін нақты заң алдында қатаң жауап беретінін сезініп, түсінуге тиіс», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Ол Қазақстан құқықтық мемлекет екенін, заңда сепаратизмді насихаттайтындарға ауыр жаза барын еске салды.

Қазақстан Конституциясына сәйкес, іс-әрекеттері мемлекеттің территориялық тұтастығын бұзуға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тыйым салынған.

Қылмыстық кодексте Қазақстанның тұтастығын бұзуға жария түрде шақыру әрекеттеріне ауыр жаза қарастырылған, - деді Ерлан Саиров.

Оның пікірінше, Петропавлдағы жағдай Қазақстанның ақпараттық-қоғамдық саласында да терең  проблема бар екенін көрсетеді.

Азаматтардың мемлекеттік өзін-өзі сезіну мәселесімен ешбір мемлекеттік орган жүйелі айналысып отырған жоқ, мемлекеттің және шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздік проблемасы ушығып тұр. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдеріне әлеуметтік- экономика, саясат саладында өздерін көрсетуге, бейбіт, лайықты өмір сүруге барлық жағдай жасалған, - дейді ол.

Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттің бірлігі мен елдің территориялық тұтастығы үшін аянбай еңбек етіп, күресуі керек.

«Бұл барлығымыздың перзенттік парызымыз. Қазақстанда сепаратизмге жол жоқ!», - деді депутат.

Amanat фракциясының мүшесі Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, жедел қадамдар жасауы маңызды деп есептейді.

«Құзырлы органдар Қазақстанның мемлекеттің бұлжұмастығы мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге қабілетті жасырын, жасырын емес топтарға қатысты құқықтық тексеру жүргізіп, олардың тамырына балта шабуы қажет! Халық арасында құқықтық ағарту жүргізіп, азаматтардың әрбір сөзі мен қадамының құқықтық терең салдары жөнінде ескерту өте маңызды. Жастар, ересектер арасында қазақстандық патриотизм, мемлекеттік мүдде құндылықтарын уағыздайтын концептуалдық бағыт-бағдар жасау уақыт талабы», - деді Саиров.

Сондай-ақ шекарадағы аймақтарда елдің ақпараттық күш-қуатын арттыратын тетіктер жасау қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама